Тарих

Рай моласының тарихы

Шалқар өңірінің Мұзбел жайлауында «Рай моласы» атты қорым бар. Төмпешік-бейіттері жер бола бастаған үлкен мола. Осы қорымда менің бабам, атам Исаның әкесі Рахыманбердінің де бейіті бар.
Менің бала кезімде «Рай қорымына» арнайы барып, әулетіміздің атынан құран оқытқанбыз. Арнайы кесене тұрғызбақ түгілі құлыптас та қойылмаған төмпешіктердің қайсысы Рахыманберді бабамыздың бейіті екенін білмей атамызға аңтарыла қарағанбыз. Үнінен сәл қамығу мен қобалжу байқалған атам марқұм: «Бұл қабірстанның барлығы да менің ең жақын адамдарым. Райдың моласынан басқасы екі-ақ күнде жер қойнына тапсырылып, естанды халде жерленгендіктен тіпті кімнің қай бейітте жатқандығын сол уақыттың өзінде ұмытқанбыз» – деп, ұзақ әңгіменің желісіне түсті.
– Ол кезде мен бес-алты жасар баламын. (Иса атам 1902 жылғы болатын) Ауыл сақманнан көшіп шығып, жаз жайлауға қарай асықпай ерулеп бара жатқан. Осы «Рай моласы», не себепті екенін білмедім, жалғыз бейіт-тұғын. Бұл жерге де он күндей ерулеген ауыл көшкелі жатты. Кенет баласы болмағандықтан жалғыз қарындасын сағалап, Төрежан атамыздың қолында тұратын қайынағасы Айбалта ішін ұстап, азғана тыпыршып ауырып жатты да, үзіліп кете барды. Жасы сексенге жақындаған, әрі ет жақын туысы жоқ жетім шалдың бұл қазасын ауылдың жастары қалжың қылып: «Рай жалғыз жатуға қорқып, қасына Айбалтаны алып қалды» – деп күлкіге айналдырды. Айбалтаны жерлеп, кетуге аялдаған ауылдың сәл уақыттан соң бірнеше адамы ішін басып, бүк түсіп құлап, тыпыршып ауыра бастады. Кеш түсе ауырғандардың алды жан тәсілім етіп, таң атқанша құрбандардың саны жиырмаға жуықтады. Келесі күннің таңына дейін бір рулы ауылдан сексеннің үстінде адам қайтыс болды. Біздің шаңырақтан әкем Рахыманберді, бір ағам, екі бойжеткен апам қайтыс болды. Төрт-бес мәйітті қатар қойып, жаназа намазын шығарған Дүйісмағанбет атамның да қалың қайғыдан құр сүлдесі қалып, қарлығып әзер сөйлейді. Кеше таңда ат шаптырып жіберген емші бүгін ауылға келіп, мән-жаймен танысып болған соң ауыл басшысы Дүйісмағанбет атамызға: «Бұл тырыспай деген ауру. Тез арада сулы өлкеге көш. Суға барсаң ғана індеттің беті қайтады» – деген сөзінен соң атамыз ертеңгісін іңір қараңғылығымен көшетінін айтып, ауылға жиналуға тапсырма берді. Нағыз айқай-шу ертеңгісін басталды. Бірі жарын, бірі інісін, бірі баласын кеше ғана жер қойнына берген әйелдер бейіт басынан шықпай, төмпешік молаларды құшақтай жылап, дауыс салып жатып алды. Ауыл жігіттері айтқанға көнбеген әйелдері мен жеңгелерін тіпті қамшымен ұрып, айдап шыққандай етіп төбе басынан ұзай берді. Зарлаған дауыстан құлақ тұнып, қаралы көш әзер жылжыды осы төбеден, – деді атам марқұм көзіне жас алып. Сірә, сол қарғыс атқыр күннің суреті көз алдынан өтіп жатты-ау деймін….
…..Барша елді бір тарының қауызына сыйғызған індеттің хабары шыққалы менің ойыма сол әңгіме жиі түсетін болды. Бетін аулақ етсін. Дегенмен де, сақтанбасақ болмайды. Алла «Сақтансаң сақтармын» деген. Елімізді аман, жұртымызды тыныш етіп, уақытша сынақтан төрт көзіміз түгел шығуға жазсын!

Қорғанбек ИСАЕВ,
Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button