Басты бет » Жаңалықтар » Көшелер мен жүргіншілер жолдары дезинфекцияланды

Көшелер мен жүргіншілер жолдары дезинфекцияланды

Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Қарғалы ауданында және ауылдық округтерде жедел әрекет ету штабы құрылып, бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Асхат Айжарықов айтты

«Ауданда халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер және кәсіпкерлік нысандар күнделікті дезинфекция жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға санитарлық талапқа сай қызмет көрсетуде.
Аудан орталығының көшелері мен жаяу жүргіншілер жүретін жолға дезинфекция жұмыстары жүргізілді және барлық дүкендердің, ғимараттардың есіктерінің тұтқалары арнайы ерітіндіге малынған дәкелермен оралған және әрбір 1,5 сағат сайын ауыстырылып отырады.
Барлық мектептер мен бала бақшаларға дезинфекция жасалып отыр және кіре берістеріне арнайы залалсыздандыру ерітіндісі құйылған төсеніштер қойылған.
Сондай-ақ, жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктерде де осындай бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Жоғарыда айтылған мәселелер жөнінде тиісті мекемелердің басшыларына және аудандағы кәсіпкерлерге түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бүгінгі таңда аталмыш жұмыстардың жүргізілуін жедел әрекет ету штабы күнделікті бақылап отыр», — деді ол.

Сонымен қатар, ауданда азық-түліктің баға тұрақтылығын, кафе, асханалардың жұмыс режимін қоғамдық бақылау мақсатында «Қоғамдық бақылау тобы» құрылған. Бөлім басшысының айтуынша, арнайы құрылған қоғамдық топ адамдар көп шоғырланатын жерлерде болып, олардың санитарлық-эпидемиологиялық тазалықтарын қарап шықты. Топ мүшелері дәріханалардағы сұраныстағы дәрі-дәрмектер мен бетперделердің бар жоғын тексерген.

— Қазіргі таңда орталық дәріханада бетперде (маска), антисептиктер жеткілікті дәрежеде бар. Ауданның барлық көшелеріне залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, топ мүшелерінің ұйымдастыруымен көшелерде дауыс күшейткішпен тұрғындарға коронавирустан сақтану туралы хабарлама айтылды, — деді Асхат Айжарықов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.