Басты бет » Жаңалықтар » Қашық аудан қамсыз емес

Қашық аудан қамсыз емес

Сырт жолаушысы аз, күре жолдан қашықтау жатқан шалғай аудан болса да ойылдықтар коронавирусқа қарсы сақтық шараларына бір кісідей жұмылыпты. Ауданда жедел әрекет ету штабы құрылып, әлемдік індетке қарсы алдын алу әрекеттері күшеюде.

Елде төтенше жағдай жарияланғаннан күннен бастап ауданның азаматтық қорғау қызметтері, полиция бөлімі күшейтілген режимге ауыстырылды. Аудан тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында елді мекендерде көпшілік отырыстар, той, садақа өткізуге шектеу қойылды.Бұған арнайы түсінік жұмыстары жүргізілген.

Ауданның барлық әлеуметтік желі парақшаларында, бұқаралық ақпарат құралдарында күн сайын ақпараттық-түсіндіру материалдарын жариялап келеміз.  Коронавирус ауруының алдын алу бойынша 500-ден астам ақпараттық  материалдар жарық көрді. Мұның бәрі аудан тұрғындарының бұл індетке бей-жай қарамауы үшін жасалынған қадамдар. Аудандағы барлық мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары уақытша тоқтатылды.Бірақ қызметкерлердің жалақысы толық төленеді. Мемлекеттік органның 23 қызметшісі еңбекақысы толық сақтала отырылып,  қашықтан жұмыс жасауға көшірілді. Аудандық халыққа қызмет көрсету  орталығының қызметі электронды қызмет көрсету  жағдайында  жұмыс жасайтын болады, — дейді аудан әкімі Асқар Қазыбаев.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде  залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді.

Бүгінгі күнге дейін 81 қоғамдық орын, 88 мемлекеттік мекеме, 40 жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер және аудан орталығының асфальттанған көшелері дезинфекцияланған. Ауданға шет мемлекеттерден келген үш адамды және  Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан  келген 72 студентті үй карантинінде дәрігерлер  бақылауға алып отыр. Аудан бойынша 7 жерде жеке кәсіпкер және барлық білім беру ұйымдарының технология пәні мұғалімдері бетперде  тігіп жатыр. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер тұрғындарды бетпердемен қамтамасыз етуде өз үлестерін қосып, тегін таратуда.

Аудан басшысының айтуынша ауылшаруашылықты өңірде азық-түлік қоры да жеткілікті. 35 тонна ұн, 6 тонна күріш, 9,3 тонна ұн өнімдері, 2,0 тонна сүт, 6,5 тонна өсімдік майы, 5,2 тонна картоп, 6,4 тонна қант, 5,2 тонна  тұз қоры бар. Әлеуметтік маңызы бар тамақ түрлерінің бағаларына мониторинг жүргізіледі.

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бастамасымен жалғыз басты қарттар, аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында  «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында 106  отбасыға  медициналық бетперделер, күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері беріліп, көмек көрсетілді.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.