Басты бет » Жаңалықтар » #BIZBIRGEMIZ: еріктілер мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетті

#BIZBIRGEMIZ: еріктілер мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетті

Шалқарлық ерікті жастар «BizBirgemiz» республикалық акциясы аясында қайырымдылық шараларына үлес қосты.

Аталған акция барысында Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевтің қолдауымен аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі және басқа санаттағы отбасыларға азық-түлік қоры жинақталып, волонтер жастар үйлерге таратуда. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлері мен еріктілер аудан тұрғындарына мыңнан астам медициналық бетперде тігіп, тегін таратты.

  • Қазіргі таңда ауданымызда 19 волонтерлық топ бар. Олар «Қайырымдылық» және «Таза әлем» бағыттары бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. Елімізде болып жатқан төтенше жағдай кезінде волонтер жастар бірігіп, ұйымшылдық танытуда. Бұл игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, — дейді Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова.

«BizBirgemiz» республикалық акциясы аясында Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты мекеме қызметкерлерінің қолдауымен ауыл тұрғындарына көпреттік пайдаланылатын тегін бетперделер таратылды.

Сондай-ақ аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері жасөспірімдер арасында, оның ішінде оқушылар мен студенттердің демалысқа шығуына байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында күнделікті рейдтер ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

А.БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.