Басты бет » Жаңалықтар » СALL-орталықтың жұмысы мен тынысы немесе 906-606 операторы тыңдап тұр

СALL-орталықтың жұмысы мен тынысы немесе 906-606 операторы тыңдап тұр

Облыс әкімдігінің @aqtobepress инста-парақшасында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов пен облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккер тікелей эфир өткізіп, төтенше жағдайға байланысты облыс әкімдігі жанынан құрылған cull-орталықтың жұмысы туралы баяндап берді.

Айбек Көпеновтің айтуынша, Ақтөбе облысында коронавирус пандемиясына қатысты ахуал тұрақты. Бақылауда. Қазіргі таңда өңірде аты жаман ауруды жұқтырған бір адам ғана анықталғаны белгілі.

— 20 наурызда облыс әкімдігі жанынан cull-орталығы құрылды. Тұрғындар 906-606 байланыс телефоны арқылы хабарласа алады, орталық тәулік бойы жұмыс жасайды. Қазіргі күнге дейін тұрғындардан 600-ден астам сұрақ келіп түсті. Бастапқыда маска жетіспеуі туралы мәселе қойылған. Қазір облыста тұрғындарды маскамен қамтамасыз ету жолға қойылғандықтан, бұл сұрақтың орнын азық-түлік бағасы, оқушыларды онлайн оқыту, карантин мәселелері алып тұр. Тұрғындардан түскен сауалдар зерделеніп, жауапты құзырлы мекемелердің мамандары өзіне қатысты мәселеге жауап беріп отырады. Аудандардан да азық-түлік бағасына қатысты сұрақтар көп түсті.  Бұл мәселеге қатысты аудандардағы мобильді топтарға тапсырма берілді, әзірге аудандарда бағаны негізсіз көтерген оқиға тіркелген жоқ. Егер тұрғындар сондай жағдайды байқаған болса, cull-орталыққа хабарласуларына болады. Коронавирустың одан әрі таралмауы үшін облыстың әр тұрғынынан 15 сәуірге дейін өзін көпшіліктен оқшаулап, үйде отыруын сұрар едім, — дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов.

Ақпараттандыру және сыртқы байланыс басқармасының басшысы Сергей Беккер аталған орталықта қазіргі таңда 18 адам жұмыс істеп жатқанын, 906-606 телефоны операторлары күні-түні тұрғындарды тыңдауға дайын екенін айтты. Оның айтуынша, хабарласушылардың көбін аурудың қандай анализ тапсырғанда анықталатыны, төтенше жағдайда несие төлемі қалай болатыны, азық-түлік бағасының тұрақтылығы, карантинде жатқан адамдардың күтімі мазалайтынын айтады. Вахталық әдіспен басқа жақта жұмыс жасайтындар да хабарласыпты.

«Басында хабарласушылар телефон желісі бос болмайтынын айтты. Қазір телефон арнасын көбейтіп, көпарналы еттік. Күні-түні еш кедергісіз жұмыс жасап тұр. Тағы да оператор қажет болып жатса, қосымша телефон орната алатындай техникалық жағдайымыз бар», — деді С.Беккер.

Тікелей эфир барысында бір тұрғын ауданда фото-видео жүктеудің қиын екендігін, кеңжолақты интернеттің аудандарға қашан келетінін сұрады. Бұл орайда Сергей Беккер облыста әлі де болса 131 елді мекенде кеңжолақты интернеттің жоқтығын, анығы, оларда тек 2G интернеті барын немесе тіпті ешқандай да байланыс жоғын жеткізді. Жақын арада «Казахтелеком» және «КаР-Тел» байланыс операторлары талшықты-оптикалық интернеттің құрылысына кірісетінін, оның жыл соңына дейін аяқталатынын, сол кезде барлық елді мекенге жылдамдығы жоғары интернет жететінін айтып берді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге соңғы жағдайларға байланысты интернет мүмкіндігін пайдаланып, электронды саудаға көңіл бөліп, анығы, жеткізіп беру функциясын іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ, тұрғындарға әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға сенбей, тек ресми ақпараттарға сүйену керектігін айтты. Болмаған жағдайда, жалған ақпарат таратқан адамның қатаң жазаланатынын ескертті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.