Басты бет » Жаңалықтар » Коронавируспен күрес: Темір ауданында маскалар тегін таратылды

Коронавируспен күрес: Темір ауданында маскалар тегін таратылды

Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты Темір ауданында медициналық бетперде (маска) жетіспеушілігін болдырмау үшін атқарушы билік кәсіпкерлермен бірлесіп, жедел шаралар қабылдап жатыр. Айталық, Шұбарқұдық кентіндегі кәсіпкер Ләйлә Актуринаның тігін шеберханасында медициналық бетперделер тігілу үстінде.

Бетперделермен бірінші кезекте халыққа қызмет көрсететін мекемелердің, атап айтсақ, ХҚКО, пошта, банк, аурухана мен дәріханалар қамтамасыз етілуде. Әзірге 15-20 мың дана бетпердеге тапсырыс берілді. Сұраныс артқан жағдайда қосымша әзірленеді. Тігіншілердің айтуынша, бір бетпердені дайындау үшін бас-аяғы 10 минут уақыт кетеді. Оның өзі ұзақ мерзімді қолданысқа арналған. ⠀

Аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетов елде жарияланған жағдайға байланысты Тасқопа және Шұбарқұдық ауылдарында болып, тұрғындарға тұрақты қызмет ететін әлеуметтік нысандарды аралады. Ол ауылды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған дүкендердегі тауарлардың бағасы мен қорын, фельдшерлік-акушерлік пунктіндегі қауіпсіздік шараларын бағамдады. Осы орайда сауда орындарында картоп, қант, тауық етінің бағасының өскендігі байқалды, дүкен иелері бұның себебін бұл өнімдердің өзімізде өндірілмеуінен және облыс орталығындағы көтерме сауда орындарында қымбаттағанымен түсіндірді. Аудан әкімі аталған саланы қадағалайтын орынбасарына өңірдегі тұрақтандыру қорымен арадағы келісімге сәйкес, төмендетілген бағадағы өнімдердің аудан дүкендеріне жеткізілуі жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар, аудан әкімі республика көлемінде жүргізіліп жатқан «Biz birgemiz» акциясының аясында мүмкіндігі шектеулі Аманжан Ғаббасовтың отбасына барып, тұрмысқа қажетті антисептикалық құралдарды, медициналық бетперделерді және азық-түлік қорын табыс етті.

Мұнымен бірге, Темiр ауданы құрамында мәслихат депутаттары, полиция бөлімінің өкілдері, жастар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары мен қоғамдық ұйым өкілдері бар санитарлық-эпидемиологиялық тазалау жұмыстарының қоғамдық бақылау тобы аудан орталығындағы сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен ауылішілік көшелерді аралап, бетперделер таратты. Олар COVlD-19 вирусының алдын алу мақсатында тұрғындарға қызмет көрсету кезіндегі, жұмыс уақыты және басқа да жағдайларда қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.