Басты бет » Жаңалықтар » Азық-түлік сатып алуға шектеу жоқ

Азық-түлік сатып алуға шектеу жоқ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  тікелей эфирде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тұрғындар сұрақтарына  жауап берді.

Оның айтуынша, бүгінде  облыстағы тұрақтандыру қорында  842 тонна картоп, 110 тонна пияз, 59  тонна өсімдік майы, 37 тонна сәбіз,  150 тонна ұн, 220 тонна қант, 76 тонна капуста  сақталған. Бұл өнімдер күнбе-күн «Табыс» коммуналдық базары мен оған қарасты  қаладағы 22 сауда нүктелеріне шығарылып отыр. Қазіргі кезде коммуналдық базар мен оған қарасты орындарда картоп, пияз, қырыққабат пен сәбіз әр килосы 75 теңгеден, күнбағыс майы 300 теңгеден, қанттың әр килосы 235 теңгеден сатылып жатыр. Ол тұрғындар қанша азық-түлік сатып алса да, коммуналдық базарда шектеу қойылмағандығын  хабарлады.

— Осы күнге дейін тұрақтандыру қорында сатылған  өнімдерден түскен 240 миллион теңгеге  қайтадан фьючерстік сатып алу жүргізіліп жатыр. Бұған қоса бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, жақын күндері тағы да негізгі қажетті өнімдерді сатып аламыз, — деді Құсайын Сәрсембай.

Жергілікті билік тарапынан әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрлеріне  күн сайын  мониторинг жүргізіліп келеді. 25 наурызда облыстық және  қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мүшелері қаладағы ірі сауда нүктелеріндегі санитарлық жағдайды, дезинфекция шараларын және азық-түлік бағаларын бақылау үшін рейдке шықты. Мереке күндері бағаны негізсіз көтергендер прокуратура тарапынан да бақылауға алынған.

Облыс тұрғындары тікелей эфир кезінде ауыл шаруашылығы басқармасы басшысынан еттің бағасының көтерілуі, картоп өсіруге жерді қалай алуға болатындығын сұрады. Қандыағаштық тұрғын ауданда шаруа қожалықтары көп болса да, Қандыағашта ет бағасы Ақтөбеден де қымбат болғандықтан  Ақтөбедегі «Табыс» базарынан сатып алып жүргендігін айтты.

Оған Қ. Сәрсембай Ақтөбе қаласында ет бағасы желтоқсан, ақпан айындағы бағамен бірдей екендігін айтып, «аудан орталықтарындағы базардағы ет бағасын қадағалау жергілікті  әкімдіктер құзырында» деп жауап берді.

 Баян СӘРСЕМБИНА.