Басты бет » Жаңалықтар » 294 студент үйіне келді

294 студент үйіне келді

Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бұл ауданда жасалып жатқан алдын алу шаралары туралы ақпараттар күн сайын аудан әкімдігінің әлеуметтік желілеріне салынып отырады. Қысқаша шолу жасасақ…
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты карантинге жабылған Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында білім алып жатқан 294 мұғалжарлық студент үйіне келді. Студенттердің барлығы медицина мамандарының тексеруінен өтті.
Қандыағаш пен Ембі қалаларының қадағалауымен теміржол вокзалына санитарлық пост қойылды. Бұл жерлерде медицина мамандары мен санитар-эпидемиологтар жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, вокзалдардың аумағы елдегі төтенше жағдайға байланысты қоршалды. Жолаушылардың пойызға баруы үшін теміржол вокзалының қақпасына бірыңғай дәліз жолдары ұйымдастырылды. Темір көпір бекетінің вокзалында дезинфекциялық жұмыс жүргізілді. Қандыағаш, Ембі қалаларында, 13 ауылдық округте осындай жұмыстар жалғасын табуда.
Аудан әкімдігі жанынан құрылған 11 мобильді топ өз бағыттары бойынша жұмыс істеп, алдын алу шараларын пысықтап отыр.
Ішкі істер бөлімінің мамандары мен волонтерлар тұрғындардың мезгілсіз уақытта көшеде жүрмеуін, уақытылы дүкендердің жабылуын қадағалау мақсатында түнгі рейдтер ұйымдастырып отыр.
Жергілікті әкімдік мамандары арнайы көлікпен көше аралап, аты жаман аурудың алдын алу үшін не істеу қажеттігін рупрмен дауыстап айтып жүр. Сондай-ақ, мамандар мен еріктілер тұрғындарға ескертулер жазылған бүктемелерді жиі таратады.
Айтпақшы, Мұғалжар ауданы әкімдігінің @mugaljar_aydanynyn_akimdigi инста-парақшасында коронавирусқа қатысты аудан ахуалын айту үшін күн сайын 18.00-де аудандық бөлім басшыларының тікелей эфирі өтеді. Аудан әкімі, орынбасарлары, барлық бөлім басшылары тұрғындар сауалына жауап береді.

Айнұр Ілиясқызы.