Басты бет » Жаңалықтар » Бетперде тастайтын қоқыс жәшіктері орнатылды

Бетперде тастайтын қоқыс жәшіктері орнатылды

Қазіргі таңда Хромтау ауданы бойынша қауіпті індеттің алдын алу мақсатында күшейтілген түрде сақтық шаралары жүргізіліп жатыр.

Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияровтың айтуынша, өңірде санитарлық тәртіп күшейіп, халық көп шоғырланған орындарға, қала көшелеріне, көпқабаттыүйлердің аумағы мен подъездерге залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты бүгінгі күні әкімшілік өкілдері індеттің алдын алу бағытында қолға алынған жұмыстарды әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, халыққа түсіндіріп, айтып жатыр. Сондай-ақ эфир барысында тұрғындарды мазалаған мәселелерге де бірден жауап беріледі. Қазіргі таңда аудан бойынша волонтерлық, ақпараттық түсіндіру топтары құрылды. Топ мүшелері азық-түлік дүкендері мен өзге де қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мүндай орындарда санитарлық сақтық шаралары қатаң қадағаланып отыр, — деді Нағымжан Алдияров.

Қазір аудан әкімінің орынбасары Меткүл Қосымбаева бастаған түсіндіру тобы бетперде тапшылығы мәселесіне байланысты алыпсатарлардың заңмен қудаланатындығын айтып, дәріханаларда түсіндіру жұмыстары да жүргізілген. Аудан басшылығының айтуынша, мұқтаж жандарға азық-түлікті үйіне жеткізу жұмыстары қолға алынған. Хромтау қаласының орталық алаңы, «Саяхат» автовокзалы, кеншілер мәдениет үйінің алдында пайдаланылған бетперделер мен арнайы қолғаптарды тастауға арналған қоқыс жәшіктері орнатылыпты.

Арайлым НҰРБАЕВА.