Басты бет » Жаңалықтар » Сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарды

Сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарды

Елдегі жағдай кәсіпкерлерге де оңай тиген жоқ. Әсіресе шағын саудамен айналысатындар алаңдаулы.

«Қазақстанның қызмет саласы мен кәсіпорын сауда нарығының ассоциациясы» Ақтөбе филиалының заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Дмитрий Довматенко мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тұрғындардың сауалына жауап берді.

Қазіргі таңда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ құрамында депутаттар, кәсіпкерлер және «Нұр-Отан» партиясының мүшелері бар. Тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.

Тікелей эфир ақылы қойылған сұрақтардың басым бөлігі аренда, яғни сауда орындарына төленетін жалға алу ақысына қатысты болды.

Қазіргі таңда жағдайдың қандай екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Қиын жағдайда кәсіпкерлер өзара түсіністік танытуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысшысының өзі де айтты, — деген Дмитрий Довматенко қаладағы ірі сауда орындарының басшыларымен кездесу өткенін айтты.

Облыстағы сауда орындарының басшылары қазіргі қиын жағдайға түсіністік  танытып отыр. Мәселен, «Алтай», «Жилгородок», «Орталық базар», «Шығыс» базарларының әкімшіліктері орындарды жалға беру ақысына сәуірден бастап 30-дан 70 пайызға дейін жеңілдік жасауға дайын. «Нұрдәулет» сауда орталығының басшылығы егер жалға алушы қазіргі жағдайда бутикті жауып, жұмысын тоқтатса, жалға ақысын төлемеуге болатынын айтқан.

Сондай-ақ сауда орындарындағы дезинфекция жұмыстары да бақылауға алынған. Қазіргі таңда барлық сауда ғимараттарында әр үш сағат сайын дезинфекция жасалады. Барлық қызмет көрсетушілер медициналық бетперде және қолғап киіп жүруі керек. Егер бұндай сақтану шаралары жасалмаса, тұрғындар тиісті орындарға хабар бергені жөн. Сонымен бірге сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарды. Бұл талапқа жұртшылық түсіністік танытуы керек, ал саудагерлер талапты орындауы тиіс.

Анар Даржанова құрылыс, газ саласының ассоциациялары, іскер әйелдер қауымдастығына қарасты кәсіпкерлер медициналық бетпердені тегін таратқанын айтты. Бұндай жұмыстар жалғаса береді. Бетперденің бағасы да бақылауда болады.

Тікелей эфирде қойылған сұрақтардың барлығына жауап берілді. Басшылар жұртшылықты, әсіресе сауда саласының өкілдерін осы қиындықты бірлесіп жеңуге шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.