Басты бет » Жаңалықтар » Блок-бекет: жолаушылардың барлығы тексеріледі                  

Блок-бекет: жолаушылардың барлығы тексеріледі                  

Әйтеке би ауданы

Қауіпті індеттің алдын алу жұмыстары Әйтеке би ауданында тиянақты түрде жүргізіліп жатыр.  Аудан орталығынан Қостанай облысына шығар беттегі трасса бойына блок-бекеттер қойылды. Онда полиция қызметкерлері мен СЭС мамандары, еріктілер әрбір жүргізуші мен жүргіншінің аты-жөндерін арнайы журналға тіркеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жұқпалы дерттің таралу қаупін туындататын орындардың бірі-теміржол вокзалы. Бұл жерде медицина қызметкерлерінен құралған топ үшін арнайы бөлме бөлініп, келген жолаушылар тексерілуде.  Сонымен қатар Әйтеке би стансасы арқылы өтетін барлық жолаушылар пойызымен келген әрбір жолаушы   дәрігерлік тексерістен өтулері үшін вокзал ішімен ғана шығу  талап етілген. Жан-жақтың барлығы толық қоршалған және бақылануда. Күтіп алушылар мен шығарып салушыларға перронға шығуға толық тиым салынған.

Сақтық шаралары үшін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында оқып жатқан студенттер мен келген жолаушылар медициналық тексерістен өтіп, барлығының тізімдері арнайы журналға тіркеліп алынды.

Сондай-ақ аудандағы барлық білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі ұйымдар, спорт мектебі, мәдениет мекемелері, аудандық мешіт, азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтандыру секілді жұртшылық жиі шоғырланатын жерлерге дизенфекция жасалуда. Ол үшін екі маман мен арнайы жабдықталған көлік бөлінген. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен  тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі аудандық басқармасы мамандары тұрғындарға короновирустан сақтану және оның алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық  парақшалар мен брошюралар таратуда, барлық әлеуметтік желілерге пандемияның таралу қаупі және сақтық шараларын қалай қолға алу қажеттігі жөніндегі ақпараттар жарияланды.

 Е.ЫРҒЫЗҰЛЫ,

Әйтеке би ауданы.