Басты бет » Жаңалықтар » Жалған ақпарат таратушы ұсталды

Жалған ақпарат таратушы ұсталды

Қарғалы аудандық ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлері коронавирусқа қатысты жалған ақпарат таратқан Бадамша ауылының тұрғынын ұстады.

34 жастағы ер адам өз үйінің ауласында дезинфекциялық жұмыстар жүргізіп жатқан мамандарды бейнежазбаға түсіріп, Бадамша ауылында коронавирус инфекциясымен науқас анықталғаны жөнінде whats аpp мессенджері және әлеуметтік желілер арқылы туыстарына жалған ақпарат таратқан.

Қазіргі уақытта айыпталушы қамауға алынды. Ол өз іс-әрекетін толық мойындап, өкінетінін жеткізген. Аталған факті бойынша оны әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.

Облыстық полиция департаменті облыс тұрғындарына жалған ақпарат тарату фактілерін анықтау үшін әлеуметтік желілердің күнделікті бақылауға алынатындығын және арандатушылық сипаттағы ақпараттарды анықтау бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын ескертеді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 57-бабына сәйкес, табиғи апат немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде жасалған құқық бұзушылық әрекеттер қатаң түрде жауапкершілікке тартылатындығын  хабарлайды.

А.БОЛАТБЕК.