Экономика

Жол жұмыстарына 20 миллиард теңге бөлінді

Сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев баспасөз мәслихатын өткізді. Облыс тұрғындарының сауалдарына тікелей эфирден жауап берген басқарма басшысы өңірдегі жолдардың жайы, олардың салынуы мен сапасы жөнінде айтып берді.

Биыл облыстың жолдарын жасауға республикалық және облыстық бюджеттен 20 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Оның 5 миллиард 200 миллион теңгесі қалаішілік жолдарға жұмсалады. Мамыр айынан бастап қала көшелерінің жолдары жаңармақ. Ақжар-2, «Нұр Ақтөбе»-1,2,3 шағын аудандары мен Оңтүстік-Батыс шағын аудандарының орталық көшелері асфальттанады. Одан өзге де жөндеуін күткен жолдардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталмақ.

Биыл облыстың 400 шақырым жолы күрделі жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, Ақтөбе-Қандыағаш, Қандыағаш-Ембі тас жолдары жаңарады. Ал, облыстық маңызы бар жолдардың жайы күн тәртібінде тұр. Биылғы жылдың үлесіне Шалқар-Бозой тас жолының 30 шақырымы кірді. Әйтеке би ауданындағы Құмқұдық, Жабасақ ауылдарына жол салу жоспарлануда. Алға ауданындағы Маржанбұлақ селолық округінің орталық көшелері жобалық-сметалық құжатқа кірді.

Сауалдардың басым бөлігі жолға қатысты болғандықтан басқарма басшысы жолды жасауға облыстың бюджетінен тыс қаражат тарту үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатырғанын айтты. Жол салынып қана қоймай, оның сапасына да мән беретін кез жетті. Тұрғындар қаланың әр көшесінен ойылып қалған жолдардың жүруге кедергі келтіретінін ашып айтуда.

Жалпы жолдың жайын көріп-біліп отырмыз. Мердігерлердің сапалы жасауына күш саламыз. Ашық конкурс арқылы тендерді ұтқан мекемелерге біздің де талаптарымыз болады. Әр жол жасаушы мекеме ең аз дегенде жасаған жолына 3 жылға дейін кепілдік береді. Біз қыстан шыққан жолдарды тексеріп, қадағалап отырмыз. Қаланың ішінде асфальт төселетін қаншама көше бар? Көпшіліктен «қала көшелерінің жолдарын түнгі ауысымда жөндеуге болмай ма?»деген сұрақ түседі. Біз ең бірінші жұмысшылардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Уақыттан тыс жұмысқа шығаруға мәжбүрлей алмаймыз. Заң бар. Ал көше жолдары жөнделер алдында тұрғындарға хабар береміз. Жақын көшелерден айналып өту мүмкіндігін жасаймыз, — деді басқарма басшысы.

Алдағы жылдары Ақтөбе–Хромтау тас жолы төрт жолақты жолға айналмақ. Сонда қатынас едәуір жеңілдеп, көлік кептелісі де, жол-көлік оқиғасы да азаяды.

Қазіргі төтенше жағдайға байланысты көлік қозғалысы туралы қала сауалдар қойылды. Бұған алаңдауға негіз жоқ. Көлік қозғалысына әзірге шектеу қойылмайды. Карантин болған жағдайда да аудандарға жүк көліктері жіберіледі. Ал, көптің алаңдаулы тағы сұрағы — Ақтөбе-Шалқар пойызы. Бұл қатынасқа кедергі жоқ. Бірақ көршілес Орынбор қаласына баруға болмайды. Өйткені ол жаққа қарай жол жабық.

Тікелей желіде тұрғындар қала іргесіндегі елді мекендердегі аялдамалар мен жүргінші жолақтарының бір-бірінен қашықтығы туралы сауалдар қойды. Бұл сұрақтарды жазып алған басқарма басшысы тұрғындарға тиімді тұстарын қарап, адам көп жүретін жерлерді анықтап, ұсыныстарды ескеретінін айтты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button