Жаңалықтар

«Глобал-спецодежданың» кезекті көмегі

Акция

Еліміз бойынша коронавирус жұқтыру қаупі басым өңірлерде медицина мекемелерін, зейнет жасындағы қарттарды, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды қолдауға бағытталған қайырымдылық акциясы басталды.

Іскер әйелдер кеңесі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, «Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау» қоғамдық қоры, еліміздің жеңіл өнеркәсіпті дамыту жобасы — «ALTYN OIMAQ» ұйымдастырған шараға Ақтөбеде бірінші болып «Глобал-спецодежда» компаниясы үн қосты.

Сейсенбі күні облыс орталығындағы Достық үйі ғимаратында аталмыш өнеркәсіп фабрикасы эстафетаны қабылдап, инфекциялық медицина медбикелеріне, әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының басшыларына жұқпалы ауруға қарсы гигиеналық құрал-жабдықтар таратты. «Глобал-спецодежда» жауапкершігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Надежда Шабаева осындай қиын уақытта әлеуметтік, қайырымдылық шараларын белсенді түрде ұйымдастырып келеді. Аталмыш эстафетаны бұдан кейін Жамбыл облысының дизайнерлері қабылдайды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мұндай шаралардың облыс пен аудандарда ұйымдастырылып жатқанын айтып:

Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар тарапынан да нақты жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Бүгінгі күні еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әр өңірде аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға облыс тұрғындары, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қолдау танытып отыр. Бір апта көлемінде 600-ден астам отбасыға 5 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Қазіргі таңда әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар саны, олардың мүшелері және санаттары нақтыланып жатыр. Азық-түлік, маскалар және гигиеналық құралдар тарату жүзеге асырылмақ, — деді.

Қазіргі уақытта көпбалалы аналар да халық игілігі үшін қызмет көрсетіп отыр. «Глобал-спецодежда» компаниясының басшылығы 30-ға жуық көпбалалы аналарға маска тігу бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп, оларды керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік пакеттері таратылады. Сонымен қатар №1, №2 әлеуметтік көмек көрсету орталықтары гигиеналық құралдармен қамтылады. Облыс бойынша жалпы саны 4500 отбасыға көмек көрсетілмек.

Қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе қаласына 600 медициналық бас киім, 500 маска, 100 қорғау комбинизоны, 200 көзілдірік, 100 медициналық халаттар, сонымен қатар кірсабындар және орамалдар беріледі. «Глобал-спецодежда» компаниясы коронавируспен күресуге 1 миллион 500 мың теңге қаражат бөлген.

Қайырымдылық шарасына қатысушылар эстафета арқылы республика аумағын қамтып, төтенше жағдай кезінде әлеуметтік қолдау көрсетеді.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button