Басты жаңалықтар

Ақтөбелік кәсіпорындардың қарқыны жоғары

Кәсіпкерлер залалсыздандыруға арналған өнімдермен қамтуға дайын

23 наурыз күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы маңызды бірнеше мекемелерді аралады.

Аймақ басшысы алдымен «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының ғимаратына  барды. Аталған кәсіпорын — Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлерге жылу  және ыстық суды жеткізетін, тұрғындар мен кәсіпорындарды таза  ауызсумен қамтамасыз ететін және кәріз суын тазалау бойынша қызмет көрсететін ірі мекеме. Облыс әкімі  аталған мекеменің келесі маусымға дайындығын арттыру мақсатында бірқатар тапсырмалар берді.
«Ақбұлақ» АҚ президенті Асқар Қыстаубаевтың айтуынша, жылу беру маусымы  сәуірдің 30-ы күні аяқталады. Оңдасын Оразалин аталған мекеменің басшысына тұрғындарды ыстық сумен, жылумен үздіксіз қамтамасыз ету қажеттігін айтты.  Сонымен қатар, кейбір тозығы жеткен жылу қазандықтарын  қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын тезірек аяқтаудытапсырды.

Айта кету керек, «Ақбұлақ» АҚ тәулігіне 5 жерасты су көздерінен 181,143 мың текше метрге дейін су таратады. Қалаға су жалпы қашықтығы 840 шақырым су құбыры желілері арқылы жеткізіледі. Кәріз суды бұру өздігінен ағызылатын және арынды кәріз су коллектарларымен 482,79 шаршы метр желісі арқылы сыртқа шығарылады.

Бұдан соң өңір басшысы «Covid-19» жұқпалы індетіне байланысты сауалдарға жауап беру мақсатында арнайы ашылған «CALL-орталықтың» жұмысымен танысты. Күндіз-түні қызмет көрсетуге 9-11 адам жұмылдырылған. Облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккер операторлардың жұмыстарын көрсетті.  Бір тәуліктің ішінде аталған індетке байланысты CALL-орталыққа яғни, 906-606 нөміріне 100-ге жуық сұрақ түседі екен.

Облыс әкімі тұрмыстық химия өнімдерін шығарумен айналысатын «GrantAdal» ЖШС компаниясына да барды.  2018 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын  тұрмыстық бұйымдарды тазалауға арналған сұйықтықтар, кір жууға арналған гельдер өндірумен айналысады. Сондай-ақ, компания дезинфекция өнімдерінің 4 түрін шығарады. Өнімдері Өзбекстан мен Ресейге экспортталады.  Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өз сөзінде «GrantAdal» ЖШС басшысы Арыстанбек  Жұмабаевқа ең алдымен жергілікті нарықты қамтамасыз ету керектігін тапсырды. «GrantAdal» ЖШС-ның залалсыздандыру заттарымен облысты толық қамтуға мүмкіндігі бар. Арыстанбек Жұмабаев аймақ басшысының тапсырмасын  дереу орындайтынын айтып, қарттар  мен жетім балалар үйлерін залалсыздандырғыш заттармен тегін қамтамасыз етуге уәде берді.
Облыс әкімі медициналық өнімдер шығарумен айналысатын «ТК-Фарм» ЖШС  кәсіпорнының да тыныс-тірлігімен танысты. Мұнда әр ауысымда  5000 дана  бетперде шығарылады.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин орынбасары Қайрат Бекеновке, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұловқа  жергілікті кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуді және аймақты қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазіргі уақытта ең маңыздысы —медициналық жабдықтардың санын арттыру. Өзімізден артылған жағдайда ғана басқа елдерге тасымалдауға болады.  Сонымен қатар қаладағы халық көп жүретін орындарға залалсыздандыру жұмыстарын аянбай, үздіксіз жүргізіп, қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланыңыздар, —деді Оңдасын Оразалин.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button