Жаңалықтар

Ақтөбеде жағдай тұрақты

Алаңдауға еш негіз жоқ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың қатысуымен тікелей эфир өтті.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің 32 түрі бар. Соның 24-і облыста өндіріледі. Қалған 8-і (күріш, қарақұмық жармасы, сарымсақ, бұрыш, қант, тұз, алма, балық) басқа өңірлерден алынады.

  • Төтенше жағдай жариялануына байланысты осы өнімдердің қорын жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қанша өнім тиелді, қаншасы жөнелтілді, қанша өнім жеткізілді деген секілді нақты есептер алынуда. Сондай-ақ, өзіміздің облыста шығарылатын өнімдер туралы да нақты мәліметтерді жинастырдық. Мысалы, «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты күн сайын 500 тонна ұн, 400 тоннаға жуық макарон өнімдерін шығарады. Экспортталатын тауарлар да бақылаудан тыс қалмайды, — деді Аманғали Бердалин.

Қазір Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында картоптың құны — 70 теңге. Бұл — аталған өнімнің ең төменгі бағасы.

  • Картоп «Дина» супермаркетінде — 80-180 теңгеден, 41-разъездегі көтерме базарда 130 теңгеден сатылып жатыр. Біздің міндетіміз — тұрғындарға мүмкіндік жасау. Нарықта түрлі баға бары рас. Таңдау мүмкіндігі тұтынушының өзіне беріліп отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық тұрақтандыру қорының өнімдері қазір «Табыс» коммуналдық базарында және соған қарасты 22 әлеуметтік сауда орындарында төмен бағамен сатылып жатыр. Мысалы, картоптың бағасы — 70 теңге, пияз — 65 теңге, сәбіз — 70 теңге, сұйық май — 300 теңге.

  • Біздің мақсат — қорды екі айға дейін жеткізу. Қазір қордағы өнімдерді көбейту мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Қордағы өнім көп болса, баға түседі. Өйткені, көкөніс ұзақ уақытқа сақтауға келмейді. Оның үстіне бір-бір жарым айдан соң оңтүстік өңірлерден көкөністер әкеліне бастайды, — деді Аманғали Бердалин.

Ол қазір  бағаның өсуіне байланысты мәселе бар екенін жасырған жоқ.

  • Кейбір өнім түрлерінде баға өскені байқалады. Бұл, әрине, алдымен валюта бағымына байланысты болып отыр.

Дегенмен халықтың азық-түліктен тапшылық көретіндей үрейленуіне еш себеп жоқ. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин азық-түлік бағасын жіті бақылап отыр. Сол себепті, уайымдауға негіз жоқ, — деп сендірді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, облыс орталығының тұрғындары үшін әр сенбі сайын жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланып жатыр. Бұл мақсаттағы жұмыстарға шаруашылықтарды жұмылдыру үшін әр ауданның кестесі белгіленіпті. Сондай-ақ, мұндай жәрмеңкелер аудан орталықтарында да ұйымдастырылады екен.

Тікелей эфир барысында Шалқар, Хромтау, Мұғалжар аудандарының тұрғындарынан бағаның қымбататуына байланысты сауалдар түсті. Бірі Шалқарда ұн қымбаттап кетті десе, екіншісі Хромтауда қанттың бағасы шарықтап кеткенін айтты, үшіншісі Мұғалжарда масканың жоқтығын айтып, шағымданды.

  • Әр аудандағы әкімдіктің жанында бағаны бақылау жөніндегі арнайы штаб бар. Оның мүшелері бағаны үнемі қадағалап отырады. Сол бойынша айына екі рет бізге есеп береді. Аталған аудандардың әкімдеріне бұл мәселелердің мән-жайын білу үшін хабарласатын боламыз. Бағаны тұрақтандыру үшін Ақтөбе қаласынан сол қымбаттаған өнімдерді тиеп алып кетіп, аудандарда бағаны тұрақтандыруға мол мүмкіндігіміз бар. Мысалы, тек қана «Анвар» супермаркетінің басшылығы қазір 31 вагон, яғни 2100 тонна қант жеткізуді ұйымдастырып жатыр.

Қанттың  бағасы — 178 теңге. Қант бағасы күрт көтеріліп кетсе, Хромтау ауданына қантты тиеп жіберуге болады, — деді Аманғали Бердалин.

Тұрғындар наубайханалардың, базарлардың жабылып, жабылмайтынын да сұрады.

  • Наубайханалар жабылмайды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин былтыр қыста нанның бағасын 85 теңгеден арттырмау туралы кәсіпкерлермен келісім жасаған болатын. Бағаны сақтау мақсатында оларға тиісті көмектер көрсетілді.

Сондай-ақ қазір қандай да бір дүкенді немесе базарды жабуға негіз жоқ. Облыс бойынша жағдай тұрақты. Бәрі штаттық режимді жұмыс жасайды, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Ол ауданға баратын жолдардың да жабылмайтынын, пойыз қозғалысының да тоқтамайтынын айтты. «Жол жүретін едік. Біз келгенше, карантин жарияланып, қалаға жете алмай, үйімізге кіре алмай қалмаймыз ба» деген сауалға: «Карантин болғанның өзінде әр тұрғынның тұрғылықты жеріне жетуіне мүмкіндіктер жасалады», —  деп жауап берді Аманғали Бердалин.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button