Денсаулық

…Ауырмайтын жол ізде!

АҚТҚ (ВИЧ-инфекция) мен нашақорлық дерттерінің алдын алу жұмыстарымен айналысатын «Оникс» үкіметтік емес ұйымы жақында «Ақтөбе облысындағы еңбек мигранттары арасында жыныстық жолмен берілетін АҚТҚ мен қоздырғыштардың алдын алу жобасының қорытындылары» тақырыбында дөңгелек стол өткізді.

Бірлестік мүшелерінің айтуынша, миграциялық процесс қоғамның әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Біздің облыстағы көптеген кәсіпорындар мен ұйымдарға Қазақстанның өзге облыстары мен көршілес елдерден келіп, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар баршылық.

— Олардың қауіпті аурулардың алдын алу ережелерін дұрыс сақтау-сақтамауы біздің, балаларымыздың денсаулығына әсер етеді. Ұзақ уақытқа өзінің әдеттегі ортасынан, отбасынан қол үзген мигранттар әлеуметтік тұрғыда жаңа ортаға үйренісе алмай қиындықтарға душар болады да, ағза АҚТҚ-ны жұқтыруға бейім болады. Мигранттардың арасындағы тағы бір қиын мәселе — олардың заңгерлік және медициналық көмек алу мүмкіндіктерінің шектеулі екендігі. Халық арасында гастарбайтерлер аталып кеткен олар көбіне медициналық тексеруден өтуге тырыспайды, яғни, өзінің АҚТҚ жұқтырғанын, не жұқтырмағанын білмейді, — дейді ұйым мүшелері.

«Оникс» қоғамдық бірлестігінің мүшелері сегіз ай бойы негізінен мигранттар жұмыс жасайтын Темір, Мұғалжар, Хромтау аудандарындағы кәсіпорындардың вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұжымдарымен, Ақтөбе қаласындағы түрлі нысандарда қызмет ететін сырттан келген азаматтармен кездескен. Осы уақыт ішінде 200 профилактикалық акция өткізіліп, үш тілде жазылған 800 ақпараттық-үйрету материалдары жинағы таратылған, еңбек мигранттары арасында сауалнама жүргізіліп, олардың АҚТҚ/ЖҚТБ жөнінде қаншалықты білетіндігін зерттелді.

М.Сатаева.

Сальмонелладан сақ болыңыз!

2010 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша сальмонеллез инфекциясының 31 жағдайы тіркелді. 11 жағдайда жапа шеккендері — 14 жасқа дейінгі балалар. Эпидемиологиялық зерттеу барысында сырқаттанушылардың 30 пайызы   өз ауруын ет тағамдарымен, 13 пайызы салат және жұмыртқамен байланыстырады.

Соңғы кездері сальмонеллезбен ауырған 4 адам тіркелді. Оның бірінде  науқас өз ауруын етпен және үй жағдайында дайындалған тәтті нанмен (пирожное) байланыстырады. Тағам сатып алынған жерді зертханалық тексеру кезінде тағы да 4 сальмонеллез бактериясын тасымалдаушысы анықталды.  2 жағдайда сырқаттану табиғат аясында дайындалған ет тағамымен (кәуап, бәліш және т.б.) байланысты болса, тағы бірінде науқас белгіленбеген сауда орнынан алынған қарбыз  жеген.

Сальмонелланың негізгі тасымалдаушылары —  ірі қара мал, шошқа, құстар, соның ішінде суда жүзетін құстар.

Адамдар ауру қоздырғышы жұқтырылған тағамдарды (ет және ет өнімдерін, жұмыртқа) пайдаланғанда немесе оларды дайындау, тасымалдау және сату барысында  тағамды дұрыс кулинарлық өңдеуден өткізбегенде, белгіленген температуралық тәртіп бойынша сақтамаған жағдайда сальмонеллезбен ауырады. Айта кететін жағдай,  сальмонелла жұқтырылған тағамның түсі, дәмі, иісінің өзгерісі байқалмайды. Әсіресе, аурудың туындауында сырқаттану белгілері байқалмайтын науқастар аса қауіпті саналады. Ондай науқастар өздерінің ауырғанын білмейді және бала бағу, тағам әзірлеу, қолдарын мұқият  жумау нәтижесінде айналасындағы адамдарға жұқтыруы әбден мүмкін. Ауру әртүрлі формада — ауру белгілері  байқалмай, өлім жағдайына  әкелетін ауыр түрінде де көрініс табады.

Көп жағдайда ауру жедел басталады, дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, адам қалтырап тоңа бастайды, бас ауыруы, құсу, ішек бұзылысы болады.

Ауырған жағдайда дереу дәрігерге қаралыңыз. Сальмонеллезбен күресудің негізгі жолы — алдын алу шаралары:

  • Мал өнімін белгіленбеген сауда нүктелерінен сатып алмаңыз.
  • Тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтаңыз.
  • Шикі және піскен ет, балық және көкөністерді өңдеу барысында бөлек асханалық тақта және бөлек пышақ пайдаланыңыз.
  • Дүкеннен жұмыртқа сатып алғаннан кейін үйде оларды жуып (сабын – содалы ерітіндісімен) және ұзақ уақыт термиялық өңдеуден өткізу керек. Қауызы бұзылған жұмыртқаны сатып алмаңыз, сыртында қан тамшылары немесе көң іздері бар жұмыртқаны пайдаланбаңыз.
  • Тағамдардың пайдалану мерзімін және температуралық режимді сақтаңыз. Дайын тағамдарды мүмкіндігінше бірден пайдаланған дұрыс. Қалған тағамдарды тоңазытқышта сақтау  және қолданар алдында   қайнату  қажет.

Клара ОМАРОВА,

МСЭҚК  Ақтөбе облысы бойынша

департаментінің бөлім бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button