Жаңалықтар

Тікелей эфир: АЕК тағайындаудағы өзгеріс. Ата-ана айыппұл төлей ме?

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева онлайн режимінде өткен тікелей эфирге қатысты. Тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек туралы көп сауал қойды. Сондай-ақ балабақшалардағы төлем мен 4-оқу тоқсанында сабақтың қалай өткізілетіні туралы сұрағандар көп болды.

Қазір аудандардың барлығында азық-түлік жиынтығы жоспарға сәйкес таратылып болды. Ал Ақтөбе қаласы бойынша айтсақ, 22 наурыздан бастап Астана ауданының тұрғындарына берілуде. Алматы ауданының тұрғындары үшін ертең, яғни наурыздың 24-інен бастап берілетін болады.

  • Төтенше жағдайға байланысты, халықтың көп шоғырланбауы үшін жұмыспен қамту бөлімдерінің мамандары көмек алатын отбасылардың әрқайсысына жеке-жеке хабарласып, оларды топтастырып, кезек-кезекпен таратады, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Ол шарада атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуына байланысты енгізілген өзгерістер туралы да айтты.

  • Брифингті пайдаланып, елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуына өзгерістер енгізілгенін айтқым келеді. Жалпы І тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алған отбасылардың барлығы ІІ тоқсан үшін ешқандай құжат тапсырмайды. Электрондық базада аталған көмекті алатын отбасылар туралы барлық ақпарат жинақталған (Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары телефон арқылы көмек берілетін отбасыларға хабарласып, сол ақпараттардың барлығын нақтылайтын болады). Соны негізге алып, ІІ тоқсанға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатын болады. Ал атаулы әлеуметтік көмек алмаған отбасылар үшін өтініштер сәуірдің 1-інен бастап электронды түрде қабылданады, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Тікелей эфир барысында тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек төлеуде Ырғыз ауданында мәселелер бар екенін айтты. Мұны Бұлбұл Елеусінова да жоққа шығармады.

  • Расын айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек төлеуде облыс бойынша Ырғыз ауданы бойынша мәселелер бар. Бұған республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың кеш түсуі себеп болып отыр. Қазір қаржы толық түсті. Есептер толық жасалды. Наурыздың 26-сы күні ақпан айының атаулы әлеуметтік көмегі төленеді. Ал наурыз айы үшін әлеуметтік көмекті сәуір айының 10-ына дейін төлеу жоспарланып отыр, — деді Б.Елеусінова.

Тұрғындар облыстық білім басқармасының басшысына да бірқатар сауалдар қойды.

Сәуірдің 6-сынан бастап мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту технологиясы негізінде білім алады. Интернет желісі қарқынды жұмыс жасайтын Ақтөбе қаласындағы және аудан орталықтарындағы мектептердің барлығы «Күнделік» және «Bilimland» жүйесі бойынша контентке қосылып, жұмыс жасайды. Ал интернеті әлсіз, интернет желісі жоқ ауылдар үшін Білім және ғылым министрлігі «Хабар», «Еларна», «Балапан» телеарналары арқылы жаңа бағдарламалар әзірлеуде.

Шара барысында ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілу уақыты туралы сауал қоюшылар да болды. Наурыз айында өткізу жоспарланған ақылы ҰБТ уақыты кейінге шегерілген.

Тұрғындардан: «Қазіргі жағдайда балаларды ауылға немесе қалаға апаруға бола ма? Ол үшін айыппұл төлене ме?» деген сауалқойылды. Бұл туралы Ләззат Оразбаева былай деп жауап берді:

  • Жақында әлеуметтік желілер арқылы «Балалар көшеде жүрсе, сол үшін ата-аналарға айыппұл салынады» деген мазмұнда ақпарат таратылды. Бұл — жалған ақпарат. Негізінен ата-аналар балаларға бақылау жасауы керек. Сынып жетекшілері өз сыныбының балаларымен тығыз байланыс жасап жатыр.

Қазір балабақшалардың барлығы штаттық режимде жұмыс жасап жатыр. 16 наурыздағымәліметбойынша 40 мың балапанның 19 600-і (48 пайызы) балабақшаларға барса, наурыздың 20-сы күнгі дерек бойынша балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан балалардың жалпы саны —  11 400 (28 пайыз). Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберіп, жібермеу — ата-ананың еркіндегі іс.  Егер бала балабақшаға(меншік нысанына қарамастан) бармаса, онда бармаған күндер үшін ата-ана ақы төлемейді. Дегенмен бала жеке балабақшаға барса да, бармаса да бұл мекемелерге мемлекет тарапынан келісілген қаражат, яғни мемлекеттік тапсырыс міндетті түрде беріледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button