Басты жаңалықтарДенсаулық

Ақтөбеде коронавирус инфекциясы бойынша бір жағдай тіркелді

22 наурыз күні Ақтөбеге Мәскеуден келген ұшақтағы жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі күні науқас, яғни Ақтөбе қаласының тұрғыны облыстық жұқпалы аурулар  ауруханасының арнайы оқшаулау бөлімінде жатыр. Тіркелген жағдайға және індеттің алдын алу шараларына қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, оқырмандар сауалына жауап берді.

Қазіргі күні облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша бір жағдай тіркелді. 22 наурыз күні облысқа шетелден келген рейстен түскен жолаушыдан анықталды. Әйел адам  бірден инфекциялық госпитальға оқшауланды. Зертханалық тексеру нәтижесінде оның бойынан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты. Барлық қажетті емдік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Науқаспен байланыста болған барлық тұрғындарға қатысты оқшаулау бойынша жұмыстарды аяқтадық. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында инфекциялық, провизорлық, обсервациялық керуеттерде 68 тұрғын жатыр. Олардың да жағдайы қанағаттанарлық.  Қажетті медициналық қызметкерлер мобилизацияланып, осы науқастардың денсаулығы бойынша жұмыстанып жатыр. Сонымен қатар үй жағдайындағы карантинде 38 тұрғын бар. Олардың жағдайы бойынша да дәрігерлер күнделікті мониторинг жасап отыр. Облыс бойынша карантиндегі тұрғындарымыздың жағдайы тұрақты, — деді Әсет Қалиев.

Облыстың бас дәрігері ақтөбеліктерге қазіргі таңда жеке бас гигиенасын сақтауға ерекше мән беру қажеттігін айтты. Ол бірігіп гигиеналық тәртіпті қатаң сақтау арқылы ғана коронавирустық инфекцияға төтеп беруге болатынын атап өтті.  «Мейлінше көшеге шықпай, қоғамдық орындарға баруды шектеу арқылы ғана өзіміздің денсаулығымызды қорғай аламыз. Коронавирустық инфекциямен күрестің ең тиімді әдісі — адамдар арасындағы байланысты мейлінше азайту. Ақтөбедегі барлық ұйымдар мен мекемелердің, үлкен сауда орындарының, емдеу мекемелерінің басшылары өз кәсіпорындарында санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпті қатаң сақтауы қажет», — деді Әсет Қалиев.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, бойында коронавирус инфекциясы анықталған ақтөбелік тұрғын 22 наурыз күні Мәскеуден ұшып келген. Рейсте 58 жолаушы болған. Зерттеу қорытындысы оң нәтиже берген науқаспен бір рейсте келген 57 жолаушының барлығы провизорлық карантинде жатыр.

57 жолаушыдан да зертханалық зерттеулерге талдау алынды. Қазіргі күні талдау қорытындысын шығару бойынша  жұмыстар жүргізіліп жатыр. Науқаспен бір рейсте болған жолаушылардың барлығының денсаулығы қанағаттанарлық. Эпидемиологияға қарсы барлық іс-шаралар толық көлемде жүргізіліп жатыр, — деген Н.Беркімбаева тағы бір мәрте ақтөбеліктердің назарына жеке санитарлық тазалықты мүмкіндігінше қатаң сақтауды, сонымен қатар қоғамдық орындар мен кәсіпорын, мекеме басшыларына санитарлық талапты күшейтуге аса мән беру қажеттігін ескертті.

Мамандар әлеуметтік желі арқылы қалыптасқан жағдайға байланысты оқырмандар сауалына да жауап берді. Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 20-22 наурыз аралығында облыстағы ірі сауда желілері бойынша мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде сауда орындарындағы персоналдардың бетпердесіз жүргені, кейбір орындардың санитарлық талапқа сәйкес еместігі анықталған. Сондықтан осындай кәсіпорындардың басшыларына санитарлық талапты толық сақтамағаны үшін нұсқау берілген. «Бұл — кәсіпорын басшыларының, кәсіпкерлердің тікелей жауапкершілігіне қатысты іс. Олар қарамағындағы жұмысшының қауіпсіздігін сақтауға тиіс», — деді ол.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button