Басты бет » Жаңалықтар » Коронавирус: қауіпсіздік шарасы қалай жүргізіліп жатыр?

Коронавирус: қауіпсіздік шарасы қалай жүргізіліп жатыр?

Облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде осы сұраққа  жауап берді.

Облыста қауіпсіздік шаралары жан-жақты түрде  жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні халықаралық әуе және теміржол қатынасы тоқтатылды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келетін әуе рейстері мен автокөлік, пойыздар тоқтады. Қазір Ақтөбе мен Ақтау арасында ғана әуе  қатынасы бар. Тиісті мекемелер сақтық шараларын күшейтті. Жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда өңірде эпидемиологиялық  жағдай тұрақты. Коронавирус жұқтырған адам тіркелген жоқ. Елдегі ахуалға байланысты аймақтық комиссия құрылды. Инфекциялық бақылау шаралары күшейтілді. «Іс-әрекет алгоритмі» әзірленді. Облыс бойынша төтенше жағдай кезіндегі шараларды ұйымдастыруға 2 миллиард  455 мың теңге қаржы қарастырылды. Бүгінгі күні 280 миллион теңге қаржы аударылды. Сонымен қатар демеушілік көрсетіп  жатқандар бар, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Осы уақытқа дейін қауіпті аймақтардан  80-ге жуық адам келсе, оның барлығы стационарлық кранатинде жатып шықты. Қазіргі күні 22 адам карантинде жатыр. Облыс бойынша 2442 кереует дайын тұр.

Сақтықта қорлық жоқ. Қандай жағдайға да дайын болуымыз керек. Сондықтан қажет болса жоғары оқу орындарының жатақханаларын пайдаланамыз. Жағдай қиындай түссе, асығыстық болмауы керек. Қазір тұрғындар арасында сұрақ көп. Жалған ақпарат таратушылар да бар. Сондықтан күн сайын таңертең, түсте, кешке облыстың қауіпсіздік шаралары туралы халыққа мәлімет беріп отырмыз. Шекара бекеттері басты назарда тұр. Ресейден өзіміздің елдің ғана азаматтары мен жүк көліктері ғана кіре алады. «Жайсаң», «Әлімбет», «Қарашатау» шекара бекеттеріндегі  автомобиль өткізу пункттері тәулік бойы бақылауға алынған. Тұрғындар ауданаралық жолдар жабыла ма деген сауал қойып жатыр. Облыс аумағындағы жолдарда жеті нүкте бар, яғни жеті  блок-бекетке қажетті заттарды апарып қойдық. Бірақ жол жабылған жоқ. Егер жабылатындай жағдай болса, асығыстық болмас үшін дайындық жұмыстарын жасап жатырмыз.  Сондықтан жұртшылық түсіністікпен қарауы керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ Нұржауған Қалауов медициналық бетперденің тапшы екенін жасырмады. Күніне отыз мың бетперде шығарылып жатыр. Алдағы аптада дәріханаларға түседі. Тұрғындар бетперде таппаған жағдайда өздері тігіп алып, сақтық шарасын жасауы керек.

Тікелей желіде азық-түлік бағасына қатысты сұрақ көп болды. Жұртшылық бағаның шарықтап бара жатқанына алаңдаулы. Облыс әкімінің орынбасары тұрақтандыру қоры бағаны бақылап отырғанын айтты. Әлеуметтік маңызы бар 32 азық-түлік түрінің 23-і облыста өндіріледі. Ал күріш, қант, тұз, шай секілді кейбір азық түрлері сырттан әкелінеді.

Облыстың тұрақтандыру қорында 19 түрлі азық-түліктің 1-2 айға жететін қоры бар. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бағаны тұрақты ұстап тұру жөнінде көтерме саудамен айналысатын  кәсіпкерлермен сөйлесіп, кездескенін айтты. Нәтижесінде тауар өндірушілер мен әкімдік арасында меморандум жасалды.

Қаладағы азық-түлік сататын базарлардан басқа сауда нысандары жабылмақ. Тікелей эфирде осы және өзге де сұрақтарға жауап берген облыс әкімінің орынбасары халықты сабырлық танытуға шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.