Пікір

Адам өзіне деген сенімділігін жоғалтпауы керек

Ләззат ҚОНАРБАЕВА,

маман-психолог.                                                                                                

Төтенше жағдайлар кезінде үйде болғанда бұрын ойыңызда жүргенімен, уақыт тапшылығынан бітіре алмаған шаруаларды аяқтауға мүмкіндік мол. Әйел адамдардың  үй жинауға, отбасына дәмді тамақ пісіруге, тігіншілікпен айналысуға уақыты жеткілікті. Тіпті үйішілік шаруаларды отбасыңызбен бірге атқара аласыз.  Мектеп жасындағы, кішкентай балаларыңызға ерекше көңіл бөліп, бірге сурет салып, ойындар ойнап, кітап оқып, ағылшын тілін бірге үйреніп, сабақтарын қайталатып, қызықты фильмдер көріп те жақсы демала аласыз.

Қазіргі кезде әлемнің барлық жеріне жайылған пандемия індетіне байланысты  қоғамда алаңдаушылық көңіл күй өте басым. Бұл жағдай тіпті тыныш жүрген адамға да әсер етпей қоймайды.

Біздің кеңесіміз — адам сабырлы, салмақты  қалпын сақтап, ешқашан да күйзеліске бой алдырмағаны жөн. Өйткені, күйзеліс жағдайында адам ағзасы өте әлсіз болады. Сондықтан бірқалыпты, сабырлылық сақтап, өз-өзіне сенімділікті қалыптастырғаны жөн. Ал күйзеліс, қорқыныш, алаңдаушылық көңіл күйден арыла алмағандар психолог мамандардан бір-екі рет кеңес алса, артықтық етпейді. Қалада психологқа онлайн режимінде жазылуға болады.

Негізінен үйде, бала-шағаның ортасында   жағымсыз ақпараттарды көп талқыламаған да дұрыс. Әжелеріміз бұрынғы кезде  жаман нәрсені көп айтпа деп тыйым салатын еді ғой.

Бүкіл ескертпелерді мұқият орындап, үй жағдайында ішкі дүниесіне, айналасындағы жақындарына көңіл бөліп, белсенді қимылын жоғалтпай, жаттығулар жасап, үнемі көңілді жүрген жан айналасындағыларға  жағымды әсер етеді. Күніне таңертеңгілік 20 минут бойы жаттығу жасаған да  жөн. Белсенді дене қимылымен айналысқан жағдайда адам бойындағы нейрондарда өзгеріс болады.  Көп  қозғалмайтын жандар көбіне шаршаңқы күйде жүреді.

Қазіргі кезде, қыстан көктемге ауған уақытта адам бойындағы иммундық қорғанышты қалыптастыру үшін де дұрыс тамақтану өте маңызды рөл атқарады. Көкөніс, жеміс, табиғи тамақ, жармаларды көбірек тұтынған жөн. Интернеттен пайдалы, маңызды ақпараттарды алып, оларды игеріп, білімімізді көтерген қашан да артықтық етпейді.

Ақтөбе қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button