Пікір

Елді шулатып, жағымсыз пікір айтудың қажеті жоқ

Елубай КЕНЖАЛИЕВ,

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры.

Соңғы күндері әлемді шарлаған коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында Президенттің бастамасымен елімізде төтенше жағдай жарияланып, республиканың ірі екі қаласы карантинге жабылғаны белгілі. Аты жаман індет елімізде тіркелгелі халықты үрей, қорқыныш биледі. Алайда елімізде бұл аурудан сақтану үшін көптеген шаралар қабылданып, қазіргі таңда мектеп пен балабақшалар, ірі өнер ошақтары, ойын-сауық орталықтары уақытша жабылды. Облыстағы 1200 орындық концерт залы бар Өнер орталығы да өз жұмысын уақытша тоқтатты. Бүгінгі күні облыстық филармонияның әншілері мен қызметкерлерінің бір бөлігі еңбек демалысына шықса, бірқатары онлайн форматта, кейбіреулері күніне бірнеше сағат қана жұмыс жасайды.

Қазіргі таңда біз уақытты тиімді пайдалану үшін бұған дейін қолға алған бірнеше жобаларымызды жүзеге асырудамыз. Атап айтсақ, орталықтағы студиямызда Қазанғап, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова сияқты Ақтөбе өңірінен шыққан күйші, сазгер, жыраулардың шығармаларын аудиотаспаға түсіріп жатырмыз. Бұл әуендерді алдағы уақытта жергілікті радиолардан тыңдармандарға ұсынатын боламыз. Сонымен қатар филармонияның өнерпаздары өз уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылықтарын дамытып, жаңа әндер, әуендер жаздыруда. Демек, біздің қызметкерлеріміз өз уақытын пайдалы дүниелерге арнап жатыр деген сөз.

Қазір елде болып жатқан оқиға кім-кімді де алаңдатпай қоймайтыны анық. Алайда осындай жағдайда дүрлігіп, елді шулатудың, ел ішінде жағымсыз пікірлер айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Біз үшін ең басты құндылық — адамдардың өмірі, халықтың амандығы, елдің тыныштығы. Сондықтан қиын жағдайда бір-бірімізге демеу болып, қолдан келгенше көмектесіп, науқастардың аман қалуын тілегеніміз жөн.

Сондай-ақ медицина саласы мамандарының айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ асып, сақтық шараларын жасағанымыз абзал. Бұл, алдымен, өз денсаулығымыз бен өміріміз үшін қажет болса, екіншіден, қасымызда жүрген жандар үшін де жауапкершілікті сезінуіміз керек. Біз, филармония ұжымы, барлық қазақстандықтарды сабырлы, шыдамды болуға, сондай-ақ өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button