Жаңалықтар

1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру электронды жүргізіледі

Брифинг

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

— Елдегі төтенше жағдайға байланысты 1 сәуірден бастап екінші тоқсанға атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау онлайн түрде жүргізіледі. Бұл — коронавирустың таралуына жол бермеу үшін физикалық байланысты  болдырмау мақсатында енгізіліп отырған шара. Бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алғандар жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкімдігіне жолықпауына болады. Ең алдымен отбасының құрамы, тұратын мекенжайы, кірістері өзгермеген отбасыларға тағайындау жүргізіледі, ол үшін жұмыспен қамту орталығының немесе ауылдық округі мамандары мемлекеттік органдарға сұрау салу арқылы отбасының деректерін тексереді. Өтініш берушінің бұрын көрсеткен нөміріне қоңырау шалып, алынған деректердің дұрыстығын растайды. Өтініш жасаған кезде жан басына шаққандағы орташа табыс асып кеткен жағдайда алдын ала есептеу жүргізіп немесе отбасының мұқтаждық өлшемдері жөнінде анықталған деректер бойынша  өтініш берушіге хабарлайды. Егер қайтыс болу, баланың дүниеге келуі, отбасы мүшелерінің отбасы құрамына келуі және шығуы фактісі болса немесе атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға әсерін тигізетін немесе растайтын құжаттарды алу үшін электрондық пошталар, мессенджерлер пайдаланылады, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Ал бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алмаған, яғни құжатты жаңадан тапсыратындарға қызмет «Электрондық үкімет» порталының «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы жүргізілетін болады. Қызметтерді пайдалану үшін міндетті түрде электронды цифрлық қолтаңба қажет.

Сұрақтар туындаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарының немесе халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері азаматқа Whatsapp мессенджері арқылы бейнеқоңырау шалады. Арыз жазушының тарапынан жалған мәліметтер беруді болдырмау мақсатында барлық қажетті анықтамалар сканерленіп өтінішке қоса жалғанады. Өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында электрондық пошталар немесе  мессенджерлер арқылы жалған мәліметтер және отбасының жиынтық кірісін айқындау кезінде ескерілмеген фактілер мен мәліметтер анықталған жағдайда, өтініш жасалған айдан бастап қайта есептеледі және белгіленген Заң талаптарына сәйкес, отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан 6 айға айырылады. Атаулы әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде, ал одан бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады. Атаулы әлеуметтік көмекке тапсырылған құжаттар13 жұмыс күні ішінде қаралып, тағайындалғандығы немесе тағайындаудан бас тартылғандығы туралы хабарлама  электрондық түрде жіберіледі.

Одан әрі Б.Елеусінова кепілдендірген әлеуметтік пакет бойынша таратып айтты. Қаңтар, ақпан айларында 6 016 балаға 56,9 млн теңгенің азық-түлік топтамасы үлестіріліп, сондай-ақ, алты жасқа дейінгі 6 016 балаға 10,5 млн теңгеге гигиеналық құралдар тағайындалған. Наурыз айындағы кепілдендірген әлеуметтік пакетті наурыз айының 20-на дейін беру жоспарланып отыр. Облыстағы мектеп жасындағы 10182 оқушының 1613-і ғана тұрмыстық жағдайына қарай қоғамдық көлікте екі бағытқа (мектепке бару, келу) тегін жүру үшін жол ақысы қаралған. Бұл оқушыларға 5 сәуірден бастап ІD карталары таратылып беріледі.

Айтпақшы, биыл 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар азаматтарға оңалтудың техникалық жабдықтарын және арнайы әлеуметтік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік туғызатын автоматтандырылған жүйе іске қосылды. Портал бойынша мүгедектерге облыс бойынша 22 қызмет көрсету зоналарында 24 техникалық жабдықтарды алатын 3302 мүгедек электрондық цифрлық қолтаңбалар алды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова қандай да бір сұрақтар туындаса,  44-57-55, 8 707 609 89 31 нөмірлеріне хабарласып, анықтауға болатынын айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button