Денсаулық

Сақтансақ, індеттің таралуына жол бермейміз

Рүстем ИСАЕВ,

Ақтөбе медициналық  орталығының бас дәрігері:

Коронавирусқа байланысты облыста сақтық шаралары жасалып жатыр. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Үрейленіп, дүкеннен қаптап азық-түлік сатып алудың қажеті жоқ.

Дегенмен әрбір адам осы мәселеге бейжай қарамай, барлық санитарлық талапты орындауы керек. Сақтансақ қана аурудың әрі қарай таралуына жол бермейміз. «Бұл ауру маған жұға қоймас», «бізден алыс» деп той тойлап, қонақ шақырып жүргендер бар.

Коронавирус ауа тамшылары арқылы таралатын болғандықтан адам оны жұқтырғанын сезбейді және бірден байқалмайды. Оның инкубациялық кезеңі болады, яғни он төрт күннің ішінде анықталады. Коронавирус пен тұмаудың белгілері бірдей. Бір айырмашылығы, коронавирус кезінде құрғақ жөтел пайда болып, қызу тез және өте жоғары болады. Сондықтан шыдамдылық танытып, сақтанып жүрген дұрыс. Қазір аталған вирусты тез анықтайтын тест сатып алудамыз. Бұған дейін бактерологиялық зертханада сынаманың нәтижесі бір-екі күннен кейін белгілі болатын болса, тест кезінде он минутта вирустың бар-жоғын біле аламыз. Негізінде бұл вирус көктем мен күзде өршиді екен. Енді күн ысыса қауіп сейіледі.

Облыстық аурухана еліміздің Бас санитар дәрігері мен Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Коронавирус жұқтырған науқастар бұл жерде емделмейді. Бірақ аурухананың қабылдау бөлімінде изолятор, яғни оқшаулау бөлмесі бар. Келген науқастың қызуы көтеріліп, қандай да бір күдік байқалса, дәрігерлер бірден іске кіріседі. Шетелден келген адамдармен байланыста болды ма, қайда демалды, яғни барлығын сұрайды. Инфекционист шақырады. Сынама алады. Зертханаға жібереді. Қазір аурухананың бірінші  қабатындағы кардиохирургия бөлімі басқа қабатқа көшірілді. Оның орнына респираторлық көмек көрсету бөлімі келді. Өйткені қабылдау бөліміне вирус жұқтырған адам түскен жағдайда бірден оқшауланады. Дәрігерлердің барлығы дайындықтан өтті. Хирургиялық костюмдер, медициналық бетперде, яғни қажетті материалдардың бәрі қорда жеткілікті. Вирусқа қарсы препараттар алынды. 16 наурыздан бастап аурухана карантинге жабылды. Жоспарлы түрде жасалатын оталардың барлығы тоқтатылды. Науқастардың туыстарына келуге тыйым салынды. Артық адам жүрмейді. Бұның барлығы сақтық үшін жасалып жатыр. Тек қана шұғыл жағдайда түскен науқастарға ота жасалып, ем көрсетіледі. Сондықтан әр адам сабыр сақтап, санитарлық талапты орындап жүрсе, ешқандай қауіп болмайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button