Пікір

Тойға баруды тоқтата тұрайық

Алмат ПАНГЕРЕЕВ,

зейнеткер-журналист:

Қазақтың басына не түспеді, қазақ атам не көрмеді? Аштық, жалаңаштық, сұрапыл соғыс, тіпті кешегі тоқырау заманы да біздің сағымызды сындыра алмады. Мына келген коронавирус те өтер, жайдары заман келер. Осыған сенімді болайық.

Алайда арқаны кеңге салып, бұған немкетті қарауға болмайды. Ата-бабамыздың қолмен ет жеп, үлкеннің кішіге ет асататын кезі болатын. Одан соң қолын етігіне, тері шалбарына  сүртіп, ырысым бойымда қалсын деген ырымы болғанын білеміз. Біреулер осыны айтып, мына пандемия кезінде бізге ештеңе жұқпайды деген жаңсақ ойда жүргені жасырын емес. Осындай мойынсұнбаудан аулақ болайық. Денсаулық тек өзіңе ғана емес, сені қоршаған ортаңа, отбасыңа, бала, немерелеріңе керек. Сондықтан тазалық — басты шарт. Ұлт қауіпсіздігі әркімнің қолында. Осы өтпелі кезеңде той, отырыс, қонақ шақыруды және ондай жерге баруды тоқтата тұрайық.

Әрине, той таусылмасын, десек те вирус тек түшкірікпен жұғады деген жаңсақтық болар еді. Адамның алақанында вирус көп. Сол себепті қол алысып амандасу бірден-бір вирус таратудың жолы болмақ.

Тағы бір айтарым, осындай қысылтаяңда ақша жасау, яғни маска, антисептиктер арқылы пайда табу, азық-түлікті қымбаттату сияқты әрекеттер орын алуда. Бұл кейбір адамдардың пейілі тарлығы, ниеттің бұзылғаны. Қазақтың басында болмаған осындай теріс пиғылды доғарайық дегім келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button