Абай — 175

Сырлы әлемге саяхат

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің тілдер кафедрасының ұйымдастыруымен «Абай мұрасы — рухымыздың алтын діңгегі» атты апталық өтті.

Ақын шығармашылығын студенттер арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған апталық барысында болашақ дәрігерлер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарма жазып, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша жарысқа түсті. Сондай-ақ поэзия әлеміне қалам тербеп жүрген талапкер ақындар Абайға арнаған өлеңдерін оқыды. Ақын шығармалары бойынша суреттер салынып, бас ғимараттың бірінші қабатында ұйымдастырылған көрмеге қойылды.  Қырықтан астам жұмыс қойылған бұл сурет көрмесін қызықтаушылар көп болды.

— Эссе жазу қорытындысы бойынша студенттеріміздің мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілінде де өз ойларын нақышты жеткізгендері қуантады. Ал мәнерлеп оқу сайысында жастар Абай өлеңдерін үш тілде мәнерлеп оқыды. Бұл сайысқа ағылшын тобының студенттері де белсенді қатысты. Ұлы ақынға арнаған өлеңдерін оқыған жастардың болашақ дәрігерлер болса да, әдебиет әлеміне, шығармашылыққа жақын екендігі көңіл қуантады, — дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің тілдер кафедрасының оқытушысы Жұлдыз Қожабекова.

«Абай мұрасы — рухымыздың алтын діңгегі» атты апталыққа университеттің екі жүздей студенті қатысты. Ұйымдастырушылар Абайдың сырлы әлеміне саяхаттай отырып, өскелең ұрпақ өз бойына рухани азық алды деген сенімде.

— Бұл шара Абай шығармаларын жастарға насихаттау, Абай әлеміне жақындай түсу жолындағы бірнеше шаралардың бірі ғана. Алда Абай тағылымына арналған әлі талай шаралар өткізу жоспарымызда бар, — дейді Ж.Қожабекова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button