Басты жаңалықтар

Карантин кезінде үйде немен айналысуға болады?

Әлемді жайлаған коронавирус дертінен сақтанудың бірден-бір жолы — үйден шықпай отыру. Әлемнің кейбір елдерінде үйден шығуға тыйым салынды. Қазақстанда екі қалада карантин жарияланды. Мектептерде оқушылар каникулға шығып, демалыс аяқталғасын онлайн оқуға көшетін болды. Студенттер де қашықтан оқытуға көшті. Президенттің нұсқауымен төтенше жағдай кезінде қоғам тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелердің өзінде қызметшілердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілді. Жеке кәсіпорындарға да осындай шара қолдану ұсынылды. Музей, кітапхана, өнер орталықтары жабылды. Сұлулық салондары, мейрамханалар, жаттығу залдары уақытша жұмыс істемейтін болды. Концерт, көрме өткізу кейінге қалдырылды. Мұның барлығы азаматтардың денсаулығын сақтау үшін жасалып жатқан шаралар.

Аты жаман аурудың бетін қайтару үшін уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан дәрігерлер «Мен сіз үшін жұмыста қалдым, сіз мен үшін үйде отырыңыз» деген сарында челлендж бастады. Шынында, бұл уақытта үйде отыру — ең үлкен сақтану жолы болып отыр. Әр нәрсенің бір жақсы жағы бар екенін ескерсек, бұл жайт бізге үйде отырып, бұрын айналысуға уақыт таппаған пайдалы нәрсемен шұғылдануға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен үйде отырып не істеуге болады?   

Профессордан кеңес

Бибігүл КУСАНОВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор:

Үйде отырғанда өз бетімен шет тілдерін үйренуге болады. Мәселен, ағылшын тілін. Қазіргі уақытта ағылшын тілін онлайн оқуға толық мүмкіндік бар. Ғаламторды ашып қалсаңыз, қашықтан оқытатын сайттар толып тұр. Тек соның ішінде тиімдісін табу маңызды. Мәселен, Қазақстандағы Британдық кеңес сайтында (www.britishcouncil.kz) ағылшын тілін тегін әрі ашық оқытатын онлайн курстар жеткілікті.

Осы сайттағы ағылшын тілін үйреніп жүрген және мансап сатысымен одан әрі өрлеу үшін тіл білудегі машықтарын дамытқысы келетін адамдарға арналған «English for the Workplace», балаларға арналған «English in Early Childhood», Саутгемптон университеті мен British Council әзірлеген  «Тілді түсіну: үйрену және оқыту» атты онлайн-курс, ағылшын тілін үйреніп жүрген және британдық мәдениет туралы көбірек білгісі әрі тілді меңгерудегі өзінің машықтарын жетілдіргісі келген адамдарға арналған «Exploring English: Language and Culture», Уильям Шекспир дүниеге келген Стратфорд-апон-Эйвон қаласынан бастап Лондондағы «Глобус» театрына дейін қамти отырып, оның өмірімен және шығармашылығымен таныстыра отырып тіл үйрететін «Ағылшын тілін Шекспирдің пьесалары бойынша үйренеміз» атты тегін онлайн курстарды байқап көруге болады.

Онлайн курстар саласындағы көшбасшы сайттардың бірі — www.mooc.org сайты. Жаппай ашық онлайн-курстарды (MOOC) кез келген адам пайдалана алады. Бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдар осы сайт арқылы тіл оқиды. Басқа да платформалар жеткілікті. ҚР Білім және ғылым министрлігі карантин кезінде үйде отырып оқуға болатын бірнеше білім беру ресурстарының тізімін жариялады, оны біліп жүру де артық емес.   (Қосымша беріледі- ред.)

Қазіргі уақытта Британ Кеңесі АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің атынан журналистерге арналған «Кәсіби ағылшын тілі» бағдарламасын ұйымдастырып жатыр. Бұл курсқа ел өңірлерінен, Ақтөбеден бірқатар журналист қатысып жатыр. Қазіргі карантин жағдайына байланысты сабақтар онлайн түрде  ZOOM etc платформасы арқылы оқылатын болады. Яғни кез келген жағдайда онлайн білім алуға болады.  

Қазір жоғары, арнайы оқу орындары жаппай қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Оқытушылар да үйде онлайн жұмыс істеп жатыр. Шынын айтқанда, үйде іш пысуға уақыт жоқ, бұл уақыт — ізденуге, қосымша білім алуға таптырмайтын мүмкіндік. Үйде күніне кемінде екі сағатыңызды оқуға арнасаңыз, көп жетістікке жетуге болады. Мен карантин басталғалы бірнеше онлайн курстарға қатысып, бес сертификатқа ие болдым. Соның нәтижесінде конкурстардан грант ұтып алып, қазір жоба жазып жатырмын. Мұғалім болсын, студент болсын, оқушы болсын — қазіргі ғаламтор мүмкіндігін, бос уақытты тиімді пайдаланғаны абзал.   

Бала тәрбиесіне мән беріңіз!

Шынар САТАЕВА,

жоғары санатты ұстаз, Ақтөбедегі №72 мектептің мұғалімі:

Бұл уақытты бала тәрбиесіне арнауға болады. Расында, ойланып көріңізші, жұмыста жүрген кезде үйге келгеннен кейін балаңызбен бір сағат сөйлесетін бе едіңіз?.. Ойланып қалдыңыз ба? Ендеше, дәл осы карантин кезін балаңызбен өткізуге болатын керемет мүмкіндік деп қабылдаңыз. Үйде баламен бірге отырған кезде не істеуге болады?

Егер балаңыз кішкентай болса, үйде отырып ойнайтын ойындарды ойлап табыңыз. Балалар жеке-дара ойнағаннан гөрі, ата-анамен бірге ойнағанды жақсы көреді. Мәселен, картоннан үй жасауға болады, сурет салуды, әріптерді үйретіңіз. Балаларға жеті атасын үйретіп қоюға болады. Домбыра тарта алсаңыз, балаға ән айтып, күй тартып, домбыраға қызығушылығын арттырыңыз. Тоғызқұмалақ, шахмат үйретуге де таптырмайтын кез. Үйде шағын қуыршақ театрын да ұйымдастыруға болады. Егер компьютеріңіз, принтеріңіз болса, интернеттен бояйтын суреттерді шығарып алып, баламен бірге бояңыз.

Мектеп оқушылары да осы кезде үйге сыймайды. Олармен бірге отырып шет тілдерін үйренуге таптырмайтын уақыт. Ертегілер оқып беріңіз. Әлемнің белгілі мұражайларына онлайн-турлар да ұйымдастыруға болады. Баламен бірге жаңа хобби бастауға болады, қыз балаларға тігу, тоқуды үйретіңіз.

Блогер не дейді?

Аршат ОРАЗ, блогер:

Карантин кезінде үйде уақытты пайдалы және қызықты өткізудің бірнеше жолы бар. Соның ең жақсысы — кітап оқу. Қағаз кітап болсын, е-кітап болсын мейлі, бұл уақыт  — кітап оқу үшін керемет мүмкіндік.

Екіншіден, фильм, сериал қарауға болады.  Бұрын қарай алмай жүрген фильмдерді қарап тастаңыз, сүйікті сериалдарды қайтадан қарау да қызық. Бұрын байқамай қалған детальдарды көресіз және уақыт өткен сайын әсері де басқаша болады.

Үйде тазалық пен тәртіп орнатуға да жақсы мүмкіндік беріліп отыр: заттардың, мүліктердің орнын ауыстырып көріңіз.

Онлайн ойындарға қалай қарайсыз? Компьютер ойындары, онлайн ойындар арқылы да уақытты қызықты өткізуге болады. Достарыңызбен бірігіп, онлайн- покер немесе түрлі серверлік ойындар ойнауға болады.

Шет тілін үйреніңіз.  Бұрын жұмыста жүріп, уақыт таба алмай жүрген болсаңыз, карантин кезінде үйде отырғанда неге тіл үйренбеске? Онлайн сабақтар, сөздіктер де көп.

Жаңа хобби бастаңыз. Шығармашылықпен айналысыңыз. Мысалы, Блоггинг  — жақсы шығармашылық хобби. Ол әлеуметтік желіден бөлек әлем. Бір күндік емес, сапалы мазмұн мұрағаты болып қалатын нәрсе. Мәселен, оны NEdit платформасында бастап көруге болады.

Онлайн қарауға болатын музейлер:

  1. Эрмитаж. Музейдің бес ғимаратында үш миллионнан астам өнер туындылары бар. www.hermitagemuseum.org
  2. Британ музейі. Мұндағы жәдігерлер 1753 жылдан бастап сыр шертеді.

www.britishmuseum.org

  1. Лувр. Бір күнде қарап шығу мүмкін емес, сондықтан, карантиннің әр күнінде әр залды асықпай шолып шықсаңыз болады. www.louvre.fr
  2. Прадо музейі. Веласкеса, Босха, Гойи, Эль Греконың, басқа да суретшілердің таңдаулы коллекцияларын көруге болады. www.museodelprado.es
  3. Виктория мен Альберт музейі. Үш мың жылдықты қамтитын жәдігер бар.
    www.collections.vam.ac.uk
  4. Нью-Йорктегі заманауи өнер музейі. Келушілер саны жөнінен бұл музей әлемде алғашқы үштікке кіреді. www.moma.org
  5. Венадағы өнер тарихы музейі. Мысыр жәдігерлерінен бастап Ренессанс және классицизм кескіндемесінің жауһарларына дейін көре аласыз. www.khm.at
  6. Уффици галереясы. Еуропадағы ең көне музейлердің бірі.
    www.digitalsculpture.org
  7. Токио ұлттық музейі. Шығыс өнері туралы білгісі келетіндер жәдігерлерді онлайн көре алады. www.tnm.jp

Қазақ тілінде е-кітаптар оқығыңыз келсе:

Қазір ғаламторда электронды кітап толып тұр. Қай тілде оқығыңыз келсе де, еркіңіз. Қазақ тілді электронды кітапханалар да баршылық. Мәселен, қазақ жазушыларының кітаптарынан бастап қазақ тіліне аударылған әлем  жазушыларының шығармаларын оқып, аудиокітап тыңдап, деректі, көркем, мультфильмдер де көремін десеңіз, https://kitap.kz/ ашық кітапханасын қараңыз.  Ұлттық электронды кітапханаға (http://kazneb.kz/) бас сұғыңыз.  Ислам туралы біліміңізді кеңейтуді ниет етсеңіз, https://www.muftyat.kz/kk/books/ сайтындағы кітаптарды ақтарыңыз. Басқа да сайттарды қарап көріңіз.

ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған білім беру ресурстары:

БАРЛЫҒЫ ҮШІН:
1. «Coursera» — жаппай онлайн-білім беру саласындағы жоба: https://www.coursera.org/

  1. Хан академиясы — коммерциялық емес білім беру ұйымы. Оқушылар үшін ресурс қолжетімді әрі тегін. https://ru.khanacademy.org/

ОҚУШЫЛАР ҮШІН:
1. «Bilim media Group». 40 мыңнан астам материал шоғырланған білім беру контенті бар үлкен база. Қазақстандық компания барлық ресурстарға деген қолжетімділікті тегін ашып отыр. https://bilimland.kz

  1. «Daryn Online». Бағдарлама мазмұны Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес келеді. https://daryn.online
  2. Opiq Платформасы. Интерактивті ресурсқа мектеп оқулықтары жүктелген. Оқулықтардың басым бөлігі «Алматыкітап» баспасына тиесілі. Алдағы уақытта аталған жобаға басқа да кітап баспалары қосылады. www.opiq.kz
  3. ҰБТ-ға дайындалуға арналған виртуалды тренажер iTest. www.itest.kz
  4. Оқушылар мен студенттерге арналған білім беру порталы. https://100ballov.kz/
  5. NIS Play. http://play.nis.edu.kz/application/registration
  6. STEM академиясы. https://stem-academia.com/en/main-page/
  7. IMektep бастауыш мектеп бағдарламасы. www.imektep.kz
  8. STEM зерттеу платформасы. http://makeathon.kazneuro.kz/

КОЛЛЕДЖДЕР ҮШІН:
1. Atameken Academy.  https://atameken.co/ru/courses

ЖОО ҮШІН:
1. Moodle — курсты басқару жүйесі, сондай-ақ оқытуды басқару жүйесі немесе виртуалды оқыту ортасы ретінде белгілі. Еліміздің жоғары оқу орындары осы ресурсты пайдаланады.  https://moodle.enu.kz/

  1. Республикалық жоғары оқу орындары арасындағы электрондық кітапхана. http://www.rmeb.kz
  2. QAZAQSTAN TARIHY. https://e-history.kz/ru/scorm
  3. «Қарапайым математика». http://www.bymath.net/
  4. Blended learning. https://blendedlearning.pro/

P.S. Үйде отырған кезде тіл үйреніп, кино көру, ғаламтор ақтарып, кітап оқумен бірге басқа да қызықты істер бар: қолөнермен айналысу, үй ішіне тазалық жұмыстарын жүргізу, тәтті тағамдар пісіру, тағысын тағылар. Әншейінде сөйлесуге қол тимейтін алыс-жақындағы туыстарыңызбен, достарыңызбен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге де мүмкіндік туды. Тіпті болмаса, үйде отырып спортпен айналысыңыз. Жазуға машықтанып көріңіз,  бәлкім, балаңыздың қызықты қылықтарын жазып қоярсыз, кейін өскенде өзіне оқуға бересіз. Ең бастысы, дәл қазіргі сәтте сыртқа шыққаннан гөрі үйде отырудың қауіпсіз екендігін есте шығармаңыз!

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button