Мереке

Сұлу апаның наурыз көжесі

Наурыз мейрамында үйге келген қонақтың үлкен-кішісіне ұсынылатын ұлттық тағамның төресі – наурыз көже. Буы бұрқыраған қою көжеге салынатын әр дәмнің өз мәні, реті бар. Бұл туралы бізге аудандағы үлгілі отбасылардың бірі — Кердері әулетінің отанасы, 15 немере, 4 шөбере сүйіп отырған кейуана Сұлу Ахметова айтып берді.

Шаңыраққа иіліп, келін болып түскеніне 58 жыл болған Әлімнің қызы балалық шағындағы Амал мерекесін ерекше еске алады:

Мен 8 бала өсірген отбасында тудым. Әке-шешеміз наурыз айы туып, Самарқанның көк тасы еріген шақта таң ата салысымен қазан асып, дастарқан жаятын. Біз, балалар, шуылдап, үйді-үйді аралап, көрші-көлемге көрісуге баратын едік. Сонда анамның жанында жүріп көргенім бар. Кейін келін болып түскенде, енемнің үйреткені, бес абысынымнан түйгенім көп, — деп әңгімесін бастаған Сұлу апа келіндерінің көмегімен қазанға соғымнан қалған сүр етті салды.

Алдымен 20-25 литр болатын қазанға су құямыз. Арнайы наурызға деп сақтаған сүр етім бар. Осы етті жуып, «бісміллә» деп саламыз. Етті соғым сойылған кезде өзім арнайылап сыбағаларға бөлемін. Наурыз көженің етін бөлек қоямын,— дейді ол.

Оның айтуынша, ет бабына келіп қайнағанда картоп пен қолдан жайылған нан, артынан дәнді дақылдар салынады.

Кейуана әңгіме арасында көжеге салынатын бидайдан нан жасалатынын, ал тары жоқшылық заманның ең тойымды тағамы болғанын айтып қалды. Бұл екеуін жыл бойы тоқшылық болсын деп ырымдап қосса, өрік-мейіз тату тәтті өмір сүрейік деген ниетте қосылады екен.

Наурыз көжеге құйылатын ақтың да өз мәнісі бар. Қазақ халқы үшін ақ молшылықтың белгісі саналған. Көктем шыға мал төлдей бастағанда, аузы аққа ілінген қазақ халқы бұл кезеңде жоқшылықтан құтылып, ақтан түрлі тағам әзірлеген. Сол үшін кейуана көжесіне ақты мол етіп қосты. Сондай-ақ көжеге түйір қара бұрыш пен қалампыр салды. Отбасының таңертеңнен жайылған дастарқанына кейуана өзі әзірлеген қазысын, өткен жаздың сары майын, тары мен жарма, құрт пен ірімшіктің әр түрін, жеті шелпек пен бауырсақ, буы бұрқыраған ыстық шай және айран қойды. Дастарқанға қарап отырып кейіпкеріміз:

Бала күнімізде мұндай тамақ барлық үйде болған жоқ. Бауырсақты ыдысқа салу дегенді білмейміз. Ортаға шашып, болса шақпақ шекерін, көжесін, ұқсас келсе уызын қоятын. Сонда да адамдардың көңілі кең еді. Бірімен-бірі араласып-құраласып жататын. Қазір шақырмаса бір-біріне бармайды. Балалар көрісуді білмей бара жатыр. Бар десең, «ұят қой» дейді. Біз бүкіл ауылды аралап шығатын едік. Бір үйден шығып, «жейтін жерім жоқ, не бар?» деп, қалып қою жоқ. Көңілі үшін бәріне бірдей соғып шығушы едік, — деп өткен күндерін еске алды.

Наурыз көже пісіруде арнайы бір мәзірге сүйенбейтін Сұлу апа қазір молшылық заман болғандықтан оған жеті тағамнан да көп салуға тырысады екен. Көже дайындауда ережеге сүйенбейтін ардақты ана келіндері мен қыздарын тәрбиелеуде өзіндік ережелерінің де бар екенін айтып берді.

Менің негізгі ережем — тазалық пен тиянақтылық, жинақылық. Үстелдің үсті шашылып жатқанын, жуылған ыдыстың үйіліп тұрғанын жақтырмаймын. Әр заттың өз орны бар. Ең бастысы, үйде кіреберіс бөлме таза болуы керек. Ол — үйдің тазалығының айнасы. Келіндерім көп дүниені өздері біледі. Алдымнан шығып сәлем етіп, орамалдарын басынан тастамайды. Ал қыздарыма үйге сырттан кісі келсе, көйлек киіп жүруді талап етемін. Тазалық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, жақсы көрмей тұрсаң де бетіне келмеу, кешірімді болу, қатты күлмеу деген сияқты қасиеттер қыздың келбетін, алған тәрбиесін бағамдап береді. Наурыздың уақытында қыз-келіндерім қазақы камзол-кәжекейлерін киіп сабаққа, жұмысқа барады. Жыл сайын елдің жағдайы түзеліп келеді ғой. Өткен жыл да жаман болған жоқ. Қазір баспанаға, тамаққа зәру ел көп қой. Бізде нан да көп, аспанымыз ашық. Осының бәрі — қазақтың жақсылығынан, шын пейілінен, — деді кейуана көжесін сапырып отырып.

Осылайша біз мереке қарсаңында көпті көрген кейуанадан наурыз көжені дайындау тәсілін біліп қана қоймай, өткенгі тарих пен бүгінгінің арасындағы сабақтастыққа тағы бір куә болып қайттық.

Арайлым ҚАСЫМ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button