Білім

Назарбаев зияткерлік мектебінің  мұғалімі YouTube желісінде химия пәнінен сабақтар өткізеді

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәнінің мұғалімі Ғалымжан Төлеушов YouTube каналында «ChemEasy —  химия бізбен жеңіл» тақырыбында арна ашып, қазақ тілінде онлайн сабақтар мен тәжірибе жүргізеді. Бұл жерде химияның күрделі тақырыптары қозғалып, есеп шығару тәсілдері мен ҰБТ сұрақтары талданады. Бұндай әдіс оқу үрдістерін дамытады және оқушылар ақпаратты жеңіл әрі тез қабылдайды.

Бұл идея 12-сынып оқушыларын Кембридж халықаралық емтиханына дайындау кезінде туған. Оқытушы  бастапқы уақытта бейнематериалды ағылшын тілінде түсіріп, кейін қазақ тіліне көшкен.

— Ағылшын тіліндегі материалдардың ауқымы кең екенін байқадым. Ал химия пәнін оқытатын қазақша арналар жоқтың қасы және болса да ақылы. Осылайша  қысқа да нұсқа бейнематериалдан тұратын қолжетімді контент жасауды ұйғардым, —  дейді Ғалымжан Төлеушов.

Оқушылар өздеріне қызықты тақырыптарды ұсынады, арнаны әрлеп, қызықты етуге тырысады.  Алдағы уақытта ағылшын тіліндегі NUFIPET, SAT емтихандары бойынша жаңа бейнематериал түсірмек.  Қазір арнаға 13-24 жас аралығындағы  750 адам жазылған. Бір бейнежазба 13000 көрсетілімнен асқан.

Жастардың бастамасына риза болғандар көп. Олар бейнежазбаның соңына  жағымды пікірлер қалдырған.  Жаңашылдыққа құмар жас мұғалім Ғалымжан Төлеушов  —  «Болашақ» бағдарламасының түлегі, химия ғылымдарының магистрі, Ұлыбританиядағы тәжірибе алмасу курсының катысушысы, халықаралық IELTS сертификатына ие.  Сондай-ақ Ғалымжан қазақ әдебиетін сүйіп оқиды,  өлең шығарады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button