Абай — 175

Райзада әженің этнобөлмесі

Хромтау қаласының тұрғыны, зейнеткер Райзада Рысалдинова ұлы Абайдың 175 жылдығына орай үйіндегі бір бөлмені ұлттық нақышта безендіріпті. Біз кейіпкерімізбен оның үйінде кездестік. 

Райзада әженің Рысалдиновтар әулетіне келін болғанына жарты ғасырға жуықтапты. Өзінің айтуынша, заманауи үлгіде, ұлттық нақышта безендірілген бұл бөлме алғашында оның дүниеден өткен ата-енесіне тиесілі екен. Биыл ол Абайдың 175 жылдығына орай  бөлмені этно үлгіде сәндеуге кіріскен.

Кейіпкеріміздің үш баласы бар. Балаларын жастайынан кітап оқуға баулыған Райзада әже енді немерелеріне де Абайдың шығармаларын өзі оқып беріп жүр. Әсіресе, он жастағы Нұрайдың ақынның өлеңдерін жатқа айтқанын көргенде, көңілің марқаяды.

Абай — қазақтың әлемдік деңгейдегі ұлы ақыны, мақтанышымыз ғой. Кітапты, оның ішінде Абайды оқыған бала қор болмайды. Биыл ұлы ақынның 175 жылдығына орай үйімдегі бір бөлмені қазақы нақышқа сай етіп сәндеген болатынмын, — дейді Райзада Рысалдинова.

Бөлмедегі ең құнды дүниелердің бірі — тарихы ғасырға шамалас сандықтар мен ұлттық бұйымдар. Көненің көзіндей болған сандықтар Райзада әжеге енесінен қалған. Сол сияқты бетіне түрлі түсті ою түскен көрпе-жастықтар кез келген үйдің көркін ашатындығы сөзсіз.

Райзада әженің әңгімесінен біз оның қонақжайлылығын аңғардық. Өйткені ол сөз арасында үйге қонақ көп келген сайын береке-ырыс та көбейетінін айтты. Бұл үйге келген қонақтар да этностильдегі бөлмені көргенде таңданып, ерекше көңіл күйде болатын көрінеді. Сондықтан Райзада әже келген қонаққа көбінесе осы бөлмеде құрмет көрсетеді екен. «Биыл елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Наурыз мерекесін үйде атап өтпекпіз. Жылдағыдай қазанға жеті түрлі дәм салып, наурыз көже асамын. Отбасымның мүшелеріне іші ерекше көңіл күйге бөлейтіндіктен, осы бөлме қатты ұнайды. Балаларым келген кезде осы бөлмеде наурыз көжемізді ішіп, шүйіркелесетін боламыз», — дейді кейіпкеріміз.

Жанел ӨТЕУЛІ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button