Жаңалықтар

Гиппократ медалінің иегері

Биылғы наурызды Меруерт әже өзінің сексен жасқа толу мерекесімен тұспа-тұс қарсы алғалы отыр. Осы мерейлі сәт бізге ол кісімен сұхбаттасуға жол ашқандай болды.

Меруерт Жұмағазықызы сонау сұрапыл соғыс басталардан бір жыл бұрын Алға ауданында он баланың кенжесі болып дүниеге келген екен. Бірақ үйдің кішкентайы болғанымен көп еркелік жасай алмаған. Екі ағасы майданға ел қорғауға аттанып, ерлікпен қаза тапқан. Шаңыраққа түскен сол бір қайғының салмағы сәби санасына да көлеңкесін түсірген секілді.

Мектеп бітірген жас қыз орта арнаулы медициналық білім алып, содан кейін еңбек жолын Қандыағаш қаласындағы тораптық ауруханада фельдшер болып бастайды.

— Адамдардың денсаулығын сақтауға қызмет еткенімді өмірімнің шуақты сәттері деп есептеймін,— дейді Меруерт әже.— Он жылдай жедел жәрдем қызметінде болдым. Одан кейінгі 23 жылым балалар емханасында өтті.

Меруерт Сапарова Қандыағаштағы №1 учаскеде 1200 баланың денсаулығын қарауға жауапты маман болып белгіленіп, тұрғындардың алғысына талай мәрте бөленіп, алғыс-құрметке ие болған жан. Кейіннен елге танымал болған азаматтардың ата-аналары балаларына «сендердің аман-есен жүргендерің Меруерт апаларыңның арқасы» деп айтып отырады екен.

Ақ халатты абзал жанның еңбегі еленбей қалған кезі жоқ. Ел алғысы өз алдына, талай рет Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болды. Ал Гиппократ медалінің иегері атануы — өзі таңдаған кәсібін адал атқарғандығының жемісі.

Меруерт әженің өмірлік серігі Камалхан Қуанұлы — білім беру саласының үздігі, ұстаздық еңбегі Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен аталып өткен мұғалім.

Олардың үлкені Марина — жоғары санатты дәрігер, ал Мәскеудің Губкин атындағы институтын бітірген Гүлмирасы мұнай саласында еңбек етеді. Айнашы байланыс саласында басшылық қызметте, Луиза — экономист. Ал шаңырақтың иесі Амир биыл түрік лицейін аяқтауда, бірнеше олимпиаданың жүлдегері болып жүрген талапты жас.

Меруерт әже осыдан он жыл бұрын қажылық сапарына барып келген. Айналасына имандылық үлгісін таратып, жас буынды ізгілікті қадамдарға шақырып отырады.

Ал дәрігер ретінде бүгінгі күні елдегі орын алып отырған жағдайға қатты алаңдаулы екенін де білдірді. «Ең бастысы — ел ішінде абыржушылық тумасын. Әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын қолданып жүрсін», — деп ол өмірден көргені мен түйгенін көпшілікке жеткізуді өтінді.

А.БЕРКІНБАЕВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button