Басты жаңалықтар

Облыс әкімі қаладағы қауіпсіздік шараларын тексерді

Сейсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы Қаулысына орай, облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровпен бірге  қаладағы бірнеше нысанды аралап,  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қалада атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Өңір басшысы қаланың  орталық көшелеріндегі  аялдамаларда, қоғамдық көліктерде жүргізіліп жатқан залалсыздандыру жағдайларын бақылады. «Алтай» сауда үйіндегі қауіпсіздік шараларына бірқатар сын-ескертпе жасады.  Дүкендер кешкі 17.00-де қызметін тоқтату қажет болатын, сондай-ақ COVID-19 коронавирусы туралы  ақпараттық парақшаларды көпшілік көретіндей орындарға іліну қажеттігін тапсырды.
«Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, әсіресе көпшілік  орындарда санитарлық, эпидемияға қарсы жұмыстар тиісінше жасалуы қажет. Аталған вирустық инфекция адам өміріне аса қауіпті болғандықтан берілген тапсырма орындалсын», — деді өңір басшысы.
Облыс әкімі  азық-түлік, көкөніс бағаларын да назардан тыс қалдырмады. Қала басшысына ет, сүт, күнделікті азық-түлік бағаларының қымбаттап кетпеуін бақылауды тапсырды.
Бұдан соң аймақ басшысы  Ақтөбе халықаралық әуежайы мен  «Халық кеңсесінде» болды. «Ақтөбе халықаралық  әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Құсман әуежайдағы жағдай қалыпты екенін жеткізді. Әрбір жолаушының дене қызуы өлшеніп, тексеруден өтеді. Дене қызуы анықталған жолаушы оқшаулау бөлмесіне жеткізіліп, жедел жәрдем шақыртылады. Ешбір азаматпен байланысқа баруына жол берілмейді.

Оңдасын Оразалин басқарма төрағасына сақтық шараларын қатаңдатуды тапсырды. Мемлекеттік қызмет  көрсету  мекемесінде болған облыс әкімі   «Халықтық кеңседегі»  жұмыстарды көрді.  «Азаматтарға арналған үкімет» МК Ақтөбе облысы бойынша филиалы директоры Руслан Ерғалиевке мемлекеттік қызмет көрсету мекемелері жұмысын тоқтатпайтындығы,  дегенмен де,  азаматтарға қажетті   қызмет түрлерін  барынша онлайн түрінде жүргізуге басымдық беру керектігін айтты.
Аймақ басшысы Ақтөбе теміржол вокзалындағы тазалыққа қатысты ескерту жасады. Мұнда вокзалдағы электрондық билет сату құрылғысы істен шыққан. Кассада кезек күтушілер көп. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мекеме басшысына  жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды.
«Президент елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және  ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзеті күшейтілуі керектігін айтқан болатын, арқаны кеңге салатын кезең емес, жинақы болыңыздар», — деді өңір басшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button