Жаңалықтар

Дархан Ермағанбетов — Әйтеке би ауданының әкімі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданы әкімінің лауазымына ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімімен  Дархан  Ермағанбетовті тағайындады.

Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған облыс басшысы оның жұмысына сәттілік тілей отырып, алдағы мақсат-міндеттерін  айқындап берді. Мемлекет басшысы бекіткен тапсырмаларды сапалы жүзеге асыру, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың жұмысқа орналасуын басты назарда ұстау қажеттігін  айтты.

Дархан Ермағанбетов 1986 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық, халық шаруашылығы университеттерінің түлегі.

Еңбек жолын 2008 жылы Ақтөбе облыстық  экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының іс жүргізу инспекторы болып бастаған. Облыстық білім  басқармасының жетекші маманы, бас маманы  лауазымында қызмет атқарған.

Әр жылдары  Ақтөбе облысы әкімі бірінші орынбасарының бас маманы, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы, кейін облыс әкімі орынбасарының бас маманы болып жұмыс жасаған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының   бөлім басшысы лауазымын атқарды.

2014-2019 жылдары облыстық  индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, 2019 жылдан осы басқарманың басшысы болды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button