Жаңалықтар

Мейрамханаларда іс-шаралар өткізуге шектеу қойылды

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиынға мейрамхана, кафе, ірі сауда желілері мен ойын-сауық орындарының басшылары шақырылды. Кездесу барысында оларға елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты уақытша шектеу шаралары түсіндірілді.
Коронавирус —  әлем елдерінде күрделі мәселелер туғызып отырған қауіпті індет. Вирустың таралып кету қаупін ескере отырып, елде енгізілген төтенше жағдайларға байланысты шектеу шараларын орындауларыңыз керек. Кәсіптеріңізден табыс көріп отырғандарыңызды жақсы түсінемін. Бірақ, ортақ талапқа бағыну арқылы адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға ықпал ететіндеріңізді ұғыныңыздар. Шектеу шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырамын, — деген  қала әкімі Асхат Шахаров жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 наурызда төтенше жағдайды енгізу шаралары мен мерзімдері туралы Жарлыққа қол қойғанын атап өтті.

Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары Сергей Ли қалыптасқан жағдайға байланысты мұндай нысандарда атқарылатын шараларды түсіндірді.

Бұл жерге қоғамдық тамақтану және сауда орталықтарының өкілдері шақырылғандықтан, осындай мекемелердің жұмысына қатысты шектеу шараларын айтуымыз қажет.  Ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігін әрі қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында қала аумағындағы барлық сауда объектілері санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейтуі керек. Осыған байланысты санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, ірі сауда нысандарының жұмысына таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін шектеу қойылды. Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер, сондай-ақ азық-түлік сататын базарлар қалыпты жұмыс жасауы керек. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер тек буып-түйілген қаптамада сатылуы тиіс. Киім-кешек сататын сауда орындары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасаулары қажет. Дәмханалар мен  мейрамханалар кешкі 22.00-ге дейін жұмыс жасап, келушілер санын 50 адамнан артық қабылдамауы тиіс, — деді Сергей Ли.

Төтенше жағдайдың енгізілуі, сондай-ақ мұндай шектеулерге байланысты жиналғандар бірқатар мәселелерді де алға тартты. Жиын барысында, әсіресе, қоғамдық тамақтану орындарының өкілдері олар пайдаланатын тауарлар мен өнімдердің көбісі шетелден тасымалданатынын, алайда мұндай азық-түліктер зарарсыздандырылған әрі вакуумды қаптамада болатынын айтты. Сондықтан олар төтенше жағдай мерзімінде осындай азық-түлік тауарларын елге әкелуге шектеулер енгізіле ме деп алаңдайды. Айтылған бұл мәселеге қатысты Асхат Шахаров: «Президенттің үндеуін естідіңіздер. Жүк ағындарының импорты шектелмейді. Егер сізде импортқа кедергі келтірілгендей деректер болса, бізбен байланыса аласыз. Мұндай кезде тиісті шаралар қабылданады», — деді.

Жиын кезінде қоғамдық тамақтану орындарының тағы бір өкілі Ақтөбе қаласының 41-разъезінде орналасқан көтерме базарда картоп бағасының өскені туралы айтты. Асхат Шахаров бұл мәселені бақылауына алатынын, көтерме базарға барып, ондағы өнімдердің бағасын өз көзімен көретініне, егер жағдай дәл солай болса, тиісті шаралар қабылданатынына уәде берді.

Тағы бір кәсіпкердің айтуынша, мейрамханалар мен кафелер өз жұмысын әдетте кешкі сағат 18.00-ден бастайды. Алайда мұндай шектеуге байланысты төрт сағаттық жұмыс оларға ешқандай пайда әкелмейді. Бұл мәселеге қатысты Асхат Шахаров:

Мен бірден айтайын, біз бизнесті жауып тастамаймыз, тек шектеулер енгіземіз. Президент Жарлығында мұндай нысандарға келушілер санын 50 адамға дейін, ал қызметті сағат 22.00-ге дейін шектеу керек деп нақты айтылған. Сондықтан мейрамхана, кафе иелері осы талаптарға бейімделуі керек. Содан кейін келушілер сіздердің жұмыстарыңызға бейімделеді. Сіздер бұл шаралардың бүкіл әлемде болып жатқан коронавирустық пандемияға байланысты қабылданғанын түсінулеріңізді сұраймын, — деді.

Ақтөбедегі қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенованың айтуынша, қазір шаһарда  200-ден астам осындай нысан тіркелген. Алайда олардың арасында ғимаратты жалға алушылар көп. Ол қала басшылығынан төтенше жағдайға байланысты жалдау ақысын азайтуға немесе мүлдем алып тастауға ықпал етуін сұрады. Сонымен қатар ол көптеген адамдардың банкеттерге тапсырыс бергенін, соған сәйкес өнімдер де сатып алынғанын айтты. Қалыптасқан жағдайға байланысты тапсырыс берушілер бас тартып, алдын ала төленген қаражаттарын қайтаруды талап етуде. Ол бүгінде кәсіпкерлерді осындай әрі банктегі берешек мәселелері алаңдатып отырғанын жеткізді.

Бұл сауалға қатысты Сергей Ли: «Біз бірінші кезекте азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын басшылыққа алатынымызды түсінулеріңіз керек. Іс-шараларға төленген қаражат қайтарылып, мереке кейінге қалдырылуы тиіс. Несиелерге қатысты айтар болсам, бүгін Үкіметтің отырысы өтті. Онда Президент тапсырмасына сәйкес шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарын қолдаудың теңдессіз шараларын қабылдау турасында айтылды. Соның бірі — банктер қарыз алушылар төтенше жағдайлар енгізілген кезде төлемдердің мерзімін өткізіп алған жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептемейтін болады», — деді.

Сондай-ақ жиын барысында кәсіпкерлер бетперде тапшылығымен қатар, ғимаратқа қажетті  дезинфекциялық құралдар бағасының шарықтап тұрғанын және басқа да мәселелерді тілге тиек етті. Бұл орайда қала әкімі әрбір айтылған мәселені өз бақылауына алатынын, оңтайлы шешудің жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Жиын кезінде құқық қорғау органының өкілі айтылған шектеу шаралары жүзеге асырылмаған жағдайда айыппұл салынатынын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button