Экономика

Шағын және орта бизнеске қолдау жасалады

Брифинг

Атқарушы билік бизнес субъектілеріне қолдау көрсету үшін шаралар қабылдауда. Өз кезегінде кәсіпорындар мен ұйымдар қазіргі жағдайға байланысты қауіпсіздік үшін бетпердемен жүру режиміне көшті.

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай талаптарына сәйкес қабылданып жатқан шаралар туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов онлайн байланыста әңгімелеп берді.

— Бүгінгі күні шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар шаралар жүзеге асуда. Біздің облысымызда 147 мыңнан астам адам осы салада еңбек етеді. Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер саны 80 мың адамнан асады. Жалпы Қазақстан бойынша пайыздық мөлшерлемені 6 пайыз деңгейінде сәйкестендірумен «Қарапайым заттар экономикасы» аясында бір триллион теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарлануда. Сондай-ақ, бағдарлама шарттарына сай келетін экономикалық қызмет түрлері тізімі ұлғаятын болады,— деді ол.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 400 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу көзделуде.

Орта бизнес үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында кепілдіктің жетіспеуі мәселесін шешу үшін несие сомасын бір миллиард теңгеге дейін ұлғайту болжамдануда, ол үшін 50 пайыз мөлшерінде кепілдендіру ұсынылады. Микро және шағын бизнес үшін несие мөлшері 85 пайызға дейінгі кепілдік ұсынылуымен 360 миллион теңгеге дейін ұлғайтылмақшы.

Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізілді. Қалыптасқан жағдайға байланысты өзгелерден көбірек зардап шеккен шағын және орта бизнестің жекелеген категориялары үшін (жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар) бір жыл мерзімге мүлік салығынан босату қарастырылуда. Бұлар — ірі сауда объектілері, ойын-сауық орталықтары, театрлар, кинотеатрлар, көрмелер, спорт нысандары. ІІІ тоқсанның салық есептілігі мерзімін ауыстырып, жалпы белгіленген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді табыс салығынан босату көзделуде.

— Агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың бұрын болмаған шаралары жүзеге асырылады. Ірі қара мен асылтұқымды тауық балапандарын біріктіретін агроөнеркәсіп кешені биологиялық активтері импорты қосымша құн салығынан босатылмақшы. Аграршылар ауыл шаруашылығы бағытындағы жер салығынан бір жыл мерзімге босатылады,— деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен бірге, кәсіпорындардағы қауіпсіздік шаралары туралы да сөз қозғалды.

— Біз бетпердемен жүру режиміне көштік. Барлық жерде дезинфекция құралдары қолданылады. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қалыптасқан жағдайда адамның өзін-өзі қалай ұстауы жөнінде ұсыныстар берілді. Қазіргі кезде қол алысуға болмайды. Цифрландыру және заманауи технологияны пайдалану жағдайында егер бұл өндірістік процестерге зиянын тигізбейтін болса, төтенше жағдай мерзімінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлердің 70 пайызы өз міндеттерін дистанциялық байланыста атқаруы керек. Бұл — Президенттің тапсырмасы. Осындай шараларды жеке кәсіпорындарда да қолдану ұсынылады,— деп сөзін жалғастырды ол.

Сондай-ақ төтенше жағдай уақытында облыс аумағынан тыс жерлерге іссапарға шығуға тыйым салынады.

Қазіргі уақытта бетперделермен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда. Облыста жұмыс істейтін 20 тігін цехы көп реттік (көп қабатты) бетперделер дайындайды. Сондай-ақ, жергілікті «Фарм» кәсіпорны да осындай өнімдер әзірлейді. Бұған қажетті дәке оңтүстік өңірден жеткізілмекші.

Владимир БУРЬЯНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button