Денсаулық

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Елімізде короновирус дертін жұқтырғандар саны өсіп барады. Халық алаңдаулы. Тұрғындар дәріханалардан медициналық бетперде, қарапайым антисептикалық сұйықтық пен парацетамол дәрісін таппай жүр. Азық-түлік бағасына қатысты да сұрақ көп.  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Нұрсұлу Беркімбаева және облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов осы сұрақтарға жауап берді.

Әсет Қалиевтің айтуынша, облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қазіргі таңда шетелден келген 7 адам карантинде жатыр. Оның екеуі кеше таңертең Тайландтан келген. Медициналық сараптама нәтижесінде азаматтардың ешқайсысынан короновирус табылмаған. Медициналық емдеу мекемелері вирус жұқтырғандар тіркелген жағдайда науқастарды емдеуге толық дайын. Облыстық инфекциялық аурухана мен наркологиялық диспансерде арнайы кереуеттер дайын тұр. Егер жағдай күрделенсе бес мың кереуетке дейін босатып науқастарды оқшаулауға мүмкіндік бар. Қажетті дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Алайда басқарма басшысы медициналық бетперде тапшылығының бар екенін жасырмады. Себебі шикізатттың басым бөлігі сырттан келеді. Ал әлемдегі ахуалға байланысты кейбір елдерден өнімді әкелу қиынға түсіп отыр. Сондай-ақ антисептикалық сұйықтықтар мен парацетамол секілді дәрі-дәрмектердің де көпшілігі көрші Ресей мен сырт елден тасылады. Әсет Қалиев мәселені шешудің жолы қарастырылып жатқанын, осындай медициналық бұйымдарға тапсырыс берілгенін, жақын күндері дәріханаларға түсетінін айтты. «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС-сы медициналық бетперде шығарып жатыр.

—  Осындай сәтті пайдаланып, медициналық бетперденің бағасын негізсіз өсіретіндер бар.  Қазіргі күні құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жасалуда. Негізсіз бағаны көтергендерге шара қолданылады, — деді басқарма басшысы.

Әлеуметтік желіде облыс медицинасының аталған вируспен күресуге қауқарсыз екені, сараптама жасайтын зертхананың жоқтығы туралы жазылған жайтқа да басқарма басшысы  толық жауап берді. Егер қызуы көтеріліп, яғни аурудың қандай да бір белгісі байқалмаса, сараптама жасатудың қажеті жоқ. Егер аурудың белгілері байқалса оны тексеруге мүмкіндік бар. Көпшілікті толғандырған медициналық бетперде болғандықтан осыған қатысты сауал көп болды. Бірі тегін таратылуы керек десе, енді бірі кімдердің тегін алатынын сұрады. Әсет Қалиев бетперденің тегін таратылмайтынын, алайда кейбір қоғамдық ұйымдарға тегін берілгенін айтты. Мәселен, ақ қан ауруына шалдыққан балалардың ұйымына бетперде ақысыз берілген. Медициналық бетпердені  қолдан тігіп сатып жатқандарға да қатысты пікірін білдірді. Бетпердені кез келген матадан тігуге болмайды. Адам оны таққан кезде тыныс алуы керек. Егер ауа өткізбейтін синтетикалық мата болса, оның пайдасынан зияны көп болмақ. Ең тиімдісі қарапайым марліден тігіп алу. Ол үшін марліні бірнеше қабаттап, тігу керек. Бұндай бетпердені ұзақ уақыт пайдалануға болады. Балабақшаларды карантинге жабуға қатысты да сұрақтар болды. Әсет Қалиев әзірге эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғандықтан, бұндай шешім шықпағанын айтты. Бірақ бұл жерлерде санитарлық талап қатаң сақталған.

Облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваға да сұрақ қоюшылар көп болды.

— Ең бастысы санитарлық талапты сақтау қажет. Қолды жиі жуып, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау керек. Жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері байқалса, сыртқа шықпаған жөн. Суық тиіп, қызу көтерілсе, тез арада жедел жәрдем шақырту керек. Сондай-ақ көпшілік жиі баратын жерлерге бармаған дұрыс.

Қазіргі күні сауда орындары мен білім беру ұйымдарында, азық-түлік сататын орындарда, тамақтану орындарында, қоғамдық көліктерде  санитарлық дезинфекция  жасалып жатыр, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов азық-түлік бағасы, кәсіпкерлерді қолдау және  сауда орындарының жұмысына қатысты айтты. Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты ірі сауда орындарының жұмысына шектеу қойылды. Ақтөбе қаласындағы сауда орындары да өз жұмысын шектеді. Қайрат Райымқұловтың айтуынша, қазіргі ахуалға байланысты шағын және орта кәсіпкерліктер жыл соңына дейін тексерулерден босатылады. Салық және несиені өтеу бойынша да жеңілдіктер қарастырылады. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары, мейрамхана, кафелердің де жұмысына шектеу қойылды. Талапты орындамаған кәсіпкерлерге әкімшілік жаза қолданылады. Оларға айыппұл салынып, тіпті 15 күнге дейін  қамалуы мүмкін. Сондай-ақ санитарлық тексерулер бұрын алдын ала ескертілетін болса, қазіргі жағдайда ескерту берілмейді, яғни тосыннан тексеру жүруі мүмкін.

Сондай-ақ облыстық көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлбике Оспанова Ақтөбе қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің басшысы Дәуренбек Ізтілеуов төлқұжат, қаламыздағы шетел азаматтарына қатысты сұрақтарға жауап берді. Көші-қон қызметінің өкілдері барлығы заң аясында жасалып жатқанын, алаңдаушылық тудыруға негіз жоқ екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button