Жаңалықтар

Ақтөбеде қара жолда қаза табатындар азаймай тұр

Мәслихат

Өткен жұма күні облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

№8 Пацаев сайлау округінен депутат Дмитрий Довматенконың төрағалық етуімен өткен кеңейтілген отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, облыс прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, сондай-ақ тұрақты комиссия мен қоғамдық кеңестің мүшелері, жергілікті мәслихат депутаттары, басқармалардың, департаменттердің, жол-көлік мекемелерінің  басшылары және журналистер қатысты.

«Ақтөбе облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» мәселесі бойынша облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев баяндама жасады. Оның айтуынша, осы жылдың екі айында облыс аумағында жол-көлік оқиғалары саны 4,3 пайызға, жарақат алғандар 13,3 пайызға төмендеген, бірақ қаза болғандардың саны 77,8 пайызға артқан. Ол бұның негізгі себептері ретінде жүргізушілердің жылдамдық ережесін сақтамауын, олардың қарсы бағытқа шығып кетуін, мұнымен бірге түнгі уақытта көлікті басқару кезінде ұйықтап кету жағдайларының жиілегенін келтірді.

Ал балаларға қатысты жол-көлік оқиғаларына келсек, биылғы екі айда бұл 31 пайызға азайған. Өңірде оқыс оқиғаның алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Жаяу жүргіншіге назар аудару», «Балаларға назар аудару», т.б. шаралары өткізіліпті.

— Жыл басынан бері патрульдік полицияның жеке құрамы жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 22 мыңнан астам  әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде жылдамдықты арттыру бойынша — 1784, қарсы бағытқа шығу — 229, жаяу жүргінші белгіленбеген жерде өткені үшін 3998 факт тіркелген. 238 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынып, бюджетке 147 миллион 828 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді.

Әкімшілік полицияның жол және техникалық инспекциясының қызметкерлерімен

жол құрылыстары мен елді мекендердің көше-жол желілеріне тексеру жүргізіліп, нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша 572 ұйғарым берілді.

Жолдарды күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 65 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Қанат Әлиев.

Артынша облыстық мәслихаттың депутаттары мен қоғамдық кеңестің мүшелері сұрақтар қойып, ескертулер айтты. Олар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелері туралы хабарын арттырып, қара жолда қаза табатындардың мәселесіне қоғамның назарын аудару қажеттігін атап өтті. Жол инфрақұрылымын жетілдіру тиесілі жерлерге бағдаршамдар орнату жол белгілерін әлі де көбейту, т.б. түйткілдер айтылды.

Осыған байланысты қаражат көздерін қарастыру жөнінде ұсыныс-талаптар талқыланды

Соңында депутаттар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға және жолдардағы өлім-жітімді азайтуға бағытталған нақты ұсыныстар енгізді, тұрақты комиссия отырысындағы аталған мәселенің қарау нәтижесі бойынша қаулы қабылдады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button