Білім

Білім саласының жағдайы қалай? Департамент 4 мектепті сотқа берді

Брифинг

Былтыр 55 білім беру мекемесінде профилактикалық бақылау, 29-ында жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Қорытындысында 29 мекемеге қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған. Барлық мекемелерден заңбұзушылықтар анықталып, оларды жою туралы нұсқама беріліпті. Алайда талаптардың орындалмауына байланысты 4 мектеп сотқа берілген. Олар: Мұғалжар ауданындағы Алтынды, Н.Крупская атындағы мектептер және Хромтау ауданындағы Көктау мен Сарысай мектептері.

35 мектепке директор керек. Кейбір мектептерде директордың орны 2-3 жылдан бері бос тұр. Бұл туралы кеше «Өңірдегі білім саласының ахуалы» тақырыбында өткен брифингте облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева айтты.

Жиында департамент басшысы аталған саладағы атқарылған жұмыстар мен қордаланған мәселелер туралы жан-жақты баяндады.

Облыста балабақшалар желісін көбейту, соның ішінде жеке балабақшалар ашу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 3-6 жастағы балалардың барлығы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Дегенмен, шешілмеген мәселелер де жетерлік. 129 балабақшада (36,4 пайыз) орынның тығыздығы байқалады.

  • Балабақшаларда білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін балалардың жас ерекшеліктері ескерілмейді. Сондай-ақ, оқу құралдары жеткіліксіз, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Ол балабақшалардағы кадрлардың сапалық құрамы туралы да айтты. Департамент тарапынан өткен жылы 16 балабақшаға профилактикалық бақылау шаралары жүргізілген. Қорытындысында 52 маманның мамандығы сәйкес келмейтіні анықталған. Сонымен қатар 2 балабақшада қызметкерлерден психиатриялық және наркологиялық диспансерде есепте тұрмайтындықтары туралы анықтамалар мүлдем алынбапты. Мектепке дейінгі ұйымдарда кадрлар тапшы. Әсіресе, тәрбиешілер, психологтар, музыка пәні мұғалімдері қажет.  Тағы бір мәселе — тәрбиешілер уақтылы курстардан өткізілмейді екен.

Департамент басшысы өз сөзінде орта білім саласындағы жағдай туралы да айтты. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша PISA халықаралық зерттеуінің 2018 жылы жүргізген жұмысының қорытындысында облысымыздың деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен болып отыр. Өңірлер арасында біздің облыс оқу сауаттылығы мен математика бойынша 9-орында, ал жаратылыстану бойынша 11-орында тұр.

  • Өзіміз жыл сайын өткізетін оқу жетістіктерін сырттай бағалау қорытындысы бойынша да динамика төмен болып отыр. Бақылау сынақтары 4,9,11-сынып оқушыларынан алынады. 2018 жылмен салыстырғанда өткен жылы сапа 3,6 балға төмендеді және мемлекеттік бағдарламадағы жоспарланған көрсеткішке қол жеткізілген жоқ. Бұған жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілмеуі себеп болып отыр.

Балаларды әртүрлі сынақтарға психологиялық тұрғыдан дайындау қажет. Кадрлардың әлеуетін, біліктілігін, жауапкершілігін арттыру өте маңызды, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Мектептердің кеңжолақты интернетпен қамтылуы — 85,4 пайыз. 3 бастауыш мектепте интернет желісі мүлде жоқ.

Мектептердегі  педагогтердің сапалық құрамы туралы айтсақ, 15 625 педагогтің 8400-інің жоғары және бірінші санаты бар. Жас мамандардың үлесі — 3,6 пайыз. 120 мұғалім тапшы. 35 мектеп директоры керек. Әйтеке би ауданының Талдық, Жарөткел негізгі мектептерінде директорлар әлі күнге дейін жоқ. Бұл мектептерде басшының болмағанына 2-3 жыл өтіпті.

Облыста қазір 3 мектеп апаттық жағдайда, 12 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту — кезек күттірмейтін мәселе. Облыстағы колледждердің өндірістік шеберханалар, лабораториялар, кабинеттермен қамтылуы — 25,3 пайыз.

Колледждердің көпсалалығы байқалады.

  • Мысалы, қызмет көрсету, экономика және басқару мамандығы бойынша 36 колледждің, денешынықтыру пәні мұғалімі мен бастауыш сынып мұғалімі бойынша 9 колледждің, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін даярауға 5 колледждің лицензиясы бар. Осыған байланысты колледждерді мамандықтарға қарай профильдеу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бізге сан емес, сапа маңызды, — деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта да департамент тарапынан білім саласының жағдайына үнемі талдау жүргізіліп, мәселелерді анықтап, олардың шешілуіне ықпал ету жұмыстары жалғастырылатын болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button