Жаңалықтар

Зиярат етті, көрпе сыйға тартты

Ұлттық кәсіп

Бейсенбі күні «Көрпе Fest» фестивалінің авторы, «Алтын Орда» дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада бастаған бір топ қыз-келіншек Алға ауданындағы Есет Көкіұлы бабамыздың кесенесіне барып, Құран оқытты. Сондай-ақ кесене жанындағы шырақшы үйіне өз қолдарымен тіккен көрпелерін сыйға тартты.

Ақпан айында Ырза Тұрсынзаданың бастамасымен облыста «Көрпе Fest» фестивалі өтіп, шара аясында 300-ге жуық қыз-келіншек тегін тігін өнерін үйренген болатын. Аталған жобаның жалғасы ретінде бұл жолы да ақтөбелік тігінші қыз-келіншектер 13-16 наурыз аралығында шеберлік кластарынан өтіп, тегін тренингтерге қатыспақ.

Жоба авторының айтуынша, шеберлік кластарына қатысуға бұл жолы 200-ге жуық әйел ұсыныс берген.

  • Біз қай өңірге барсақ та алдымен мешіт, не бабалардың зиратына барып, құран оқытып, зиярат жасаймыз. Атап айтсақ, бұған дейін Маңғыстау облысындағы Бекет атаның кесенесіне бардық. Мен ол жерге барғанда зиярат етіп келушілерге арналған үйлерде өзбек және түрікмен халқының ою-өрнектерімен көмкерілген көрпелерді ғана көрдім. Кейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі тігінші, қолөнерші қыз-келіншектерді жинап, байқау өткізіп, кесенеге қазақтың ұлттық ою-өрнектері салынған 60 құрақ көрпе, 60 жастық тарту етіп, үлкен бастаманы қолға алдық, — дейді Ы.Тұрсынзада.

Оның айтуынша, бұл бастама біздің облыста да жалғасын таппақ. Алдағы уақытта

жобаға қатысушы қыз-келіншектер тегін шеберлік кластарын оқумен қатар, бірқатар қайырымдылық шараларға да атсалысады.

Айта кету керек, бұл жоба көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы әйелдердің кәсіп ашуына оң ықпал етеді. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша жобаға 9-70 жас аралығындағы 300-ге жуық қыз-келіншек, әйел-аналар қатысқан.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button