Жаңалықтар

«Табыстағы» жәрмеңке

Өткен аптаның сенбісінде «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Бұл жолы сауда сөрелеріне Хромтау ауданынан келген тауар өндірушілер мен Ақтөбе қаласының бірқатар кәсіпорындарының өнімдері қойылды. Жәрмеңкеге келушілер ет-сүт, көкөністер мен ұн-нан өнімдерін, басқа да азық-түлік тауарларын арзан бағамен сатып алды.

Хромтау ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалиннің айтуынша, жәрмеңкеге ауданның 10 селолық округінен өнім өндірушілер келген.

— Сауда орындары бізге тегін ұсынылды. Бұл сатушылар үшін де, сатып алушылар үшін де тиімді. Өнімді арадағы делдалсыз, өнім өндірушілердің өздері алып келгендіктен, арзандау бағаға сатылады. Мұндай жәрмеңке аудан орталығында да өткізілді, — дейді ол.

Жәрмеңкеге 1,28 тонна ет өнімдері, 11 тонна картоп пен көкөніс, 1,2 тонна сүт өнімдері, 0,18 тонна шұжық өнімдері және 0,2 тонна  ұн және нан өнімдері әкелінді.

Сонымен бірге облыстың тұрақтандыру қорындағы өнімдерден картоп, сәбіз, пияз, күнбағыс майы және қант та әкелінді. Өнімдер бағасы күнделікті бөлшек саудадағы бағадан 10-15 пайызға арзан сатылды.

Жәрмеңкеге тауарлары тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие «Айс плюс», «Рокос», «Рамазан», «Агрофирма Тау» секілді бірқатар компаниялардың өнімдері де әкелінді.

Жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкелері апта сайын өткізіледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button