Жаңалықтар

Шұғыл жиын өтті

Жексенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жариялаған төтенше жағдайына байланысты шұғыл жиын өткізді деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері мен департамент, басқарма басшылары, сауда орындарының өкілдері қатысқан басқосуда Ақтөбе облысында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, алдын алу шараларын күшейту мәселесі талқыланды.
«Дүние жүзіне тараған індетке қатысты өз тарапымыздан жан-жақты шараларды қамтамасыз ететін боламыз. Салғырттық танытпау қажет, әрқайсысымызға артылған тиісті міндеттерді дұрыс атқарып, үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз», — деді Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы тұрғындарды үрейленбеуге шақырды. Ақтөбедегі «Дина», «Анвар» сынды азық-түлік дүкендері, сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер «Азаматтарға арналған үкімет» тоқтаусыз жұмысын жалғастырады.
Аймақ басшысы сауда орындарының басшыларына азық-түлік бағасын көтермеуді, және қызметкерлерінің сақтық шараларын орындауын, сондай-ақ қоғамдық көлік тасымалдау мекемелерінің басшыларына автобустарда дезинфекция жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке барлық қоғамдық орындарға COVID-19 коронавирусының белгілері жайында хабарландырулар тарату қажеттігін және Ақтөбеде шығарылатын бетперде санын арттыру қажеттігін айтты.
Облыс әкімі жиынға селекторлық режимде қатысқан аудан басшыларына аудандарда құрылған Шұғыл штаб жұмысын жандандыру керектігін атап өтті.
«Ақтөбеде жағдай тұрақты, дегенмен де «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Біріншіден жауапкершілік, ұйымшылдық, ауызбіршілік таныту арқылы ақтөбеліктердің бұл сынақтан да сүрінбей шығарына сенемін», — деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өзінің фейсбуктегі парақшасына: «Бұл жағдайды баршамыз саналы да сауатты азаматтар ретінде дұрыс түсініп, дұрыс қабылдауға тиіспіз. Өйткені ол індеттің алдын алу шаралары біздің жеке басымыздың және жақындарымыздың қауіпсіздігінің кепілі. Сол себепті аса қажеттілік тумаса көпшілік жиналатын орындарға баруды барынша азайтып, сақтық шараларына аса қатты көңіл бөлгеніміз жөн. Яғни осы жағдайға сәйкес күнделікті тіршілігіміздің кейбір сәттеріне шектеулер қойылатынын дұрыс түсінуіміз керек.

Қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі;
Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылады;
Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге, яғни той-томалаққа, садақа өткізуге тыйым салынады; Бірақ алғашқы қажеттілікті өтейтін орындар, азық-түлік дүкендері мен супермаркеттердің жұмысына шектеу қойылмайды.
Құрметті ағайындар, қандай заманда да біздер бір қауым ел ретінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін халықпыз. Осындай сын сағатта өзіміздің ауызбіршілігімізді көрсетіп, алыпқашпа бос әңгімелерге ілеспей, сабыр сақтаймыз деп сенемін. Өңірде індеттің алдын алуға, бола қалған жағдайда оны заласыздандыруға толық мүмкіндік бар. Барлық жағдай қарастырылған. Бүгінгі күнге облыс көлемінде қажетті дәрі-дәрмек, азық-түлік және жанар-жағармай қоры жеткілікті. Алаңдауға ешқандай себеп жоқ. «Күн жаманы кетер» демекші, бұл індеттен де құтылатын күн туар. Ең бастысы, баршамыз сақтық шараларын сақтап, аман-есен болайық», — деп жазды.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button