Спорт

Жаңа құрам таныстырылды

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» футбол клубының жаңа құрамымен танысты. Кездесуге облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, клубтың басқарма төрағасы Артур Смағұлов, бас жаттықтырушы Алексей Петрушин және басқа да қонақтар қатысты.

Жергілікті футболды дамытуға қаржылай қолдау білдірген депутаттарға алғыс білдіреміз. Жаңа құрам ақтөбелік жанкүйерлердің үмітін ақтайды деп сенемін. Алдағы уақытта ойындарыңыз жеңісті әрі жемісті болсын деп тілеймін, — деді өңір басшысы.

Биыл командаға жаңа ойыншылар қосылып, құрам 60-70 пайызға өзгерген.

Бұдан кейін Т.Ахтанов атындағы драма театрында «Ақтөбе» футбол клубымен келісімшартқа отырған 27 ойыншы спорт ардагерлері мен жанкүйерлерге таныстырылды. Еске сала кетейік, биыл команда бірінші лигада өнер көрсететіндіктен 3 легионермен келісімшартқа отыруға рұқсат етілді. Сербиялық Никола Цуцкич, ивуарлық Куасси Куаджа және черногориялық шабуылшы Бобан Джорджевич команда сапын толықтырды. Бұдан өзге Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасынан Ресейден Артур Шабикеев, Эдуард Суханов, Олег Чернышев, Алексей Концедалов, Георгий Бурнаш, Андрей Часовских жергілікті клубтың жейдесін киді. Құрамда ақтөбелік жас тәрбиеленушілерден Мұхамбет Тамабай, Евгений Ситдиков, Рустам Темірхан, Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов, Есен Жасанов, Антон Шурыгин, Рустам Сахибов, Әлішер Назаров, Нұрболат Батырханов, Максим Самородов бар. Қақпашы Жасұр Нәрзіқұлов, шабуылдаушы жартылай қорғаушы Ардақ Сәулет, орталық қорғаушы, команда капитаны Виталий Волков, жартылай қорғаушы Жамбыл Көкеев, сондай-ақ Рифат Нұрмұғамет, Владислав Прокопенко, Демият Сламбеков жаңа маусымда командаға көмектесуге дайын. Облыс әкімімен кездесу барысында және жанкүйерлер алдында сөз алған Виталий Волков қолдау білдірушілер мен клуб басшылығына алғысын білдіріп:

«Ақтөбенің» жейдесін киген әрбір футболшы жанкүйерлер мен команда алдында қандай жауапкершілік тұрғанын сезінуі тиіс. Клубты Премьер-лигаға қайтару үшін бар күшімізді саламыз және артылған сенімді ақтаймыз, — деді команда капитаны.

Өз кезегінде команданың бас бапкері шынайы қолдау үшін жанкүйерлерге алғысын айтып, жаңа маусымның басталуымен құттықтады:

«Ақтөбе» секілді атақты команда тек Премьер-лигада ойнауы тиіс. Облыс әкімінің футболшыларға берген тапсырмасын орындау үшін бар білгеніммен бөлісемін. Бұл — ел біріншілігіне оралу. Менің білуімше, матчтарға ең көп жиналатын ақтөбелік жанкүйерлер. Өзім жаттықтырушы болған «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» командалары мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды, — деді Алексей Петрушин.

18 наурыз күні Қазақстан Кубогының топтық кезеңі,  ал сәуір айында бірінші лига ойындары басталмақ.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button