Жаңалықтар

Азық-түлік қоры жеткілікті, медициналық бетперде жеткізіледі

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында коронавирус жағдайына қатысты баспасөз конференциясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева қатысты.

Баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин өңірде коронавирус жағдайына байланысты жан-жақты сақтық шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда өңірде облыс әкімінің өкімімен медициналық жағынан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлікпен қамту мәселесі бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар бұған дейін облыс орталығындағы «Анвар» гипермаркетінің салтанатты ашылуында түсірілген суреттерді таратып, халықты әбігерге салып жатыр. Осы тұста біз алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқықбұзушылық Кодексіне сәйкес жалған ақпарат таратқан адамдардың жауапқа тартылатынын ескертеміз.

Екіншіден, біз кеше ғана облыс әкімінің тапсырмасымен облыс орталығындағы гипермаркеттер мен ірі сауда орындарын аралап шықтық. Біз ол жерлерде ешқандай дүрбелеңді көрген жоқпыз. Ал бүгінгі жиынға біз аталған сауда орындарының басшыларын, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысын шақырып отырмыз. Тағы да қайталап айтамын, қазіргі таңда облыста азық-түлік қоры жеткілікті, — деді ол.

Аманғали Бердалиннің айтуынша, бүгінгі күні облыста негізгі азық-түлік өнімінің 23 түрі өндіріледі. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1000 тоннадан астам картоп, 60 тонна пияз, 147 тонна сәбіз, 226 тонна қант, сондай-ақ қосымша қорда 500 тонна қант және «Жаңа Әлжан» комбинатында жеткілікті мөлшерде ұн бар.

Сонымен қатар облыс орталығы мен аудандарда 14 наурыздан бастап ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ.

— Бұл халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді. Жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы өнімдері 10-15 пайыз арзан бағаға сатылатын болады, — деді А.Бердалин.

Ал облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясы тіркелмеген. Облыстағы санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрақты.

Бүгіннен бастап бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, еліміздің аумағында бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады. Сондай-ақ сауда, ойын-сауық орталықтарында, базарларда, діни мақсаттағы объектілерде, коммуналдық шаруашылықтарда, тамақ өнеркәсібінде, халыққа қызмет ету орталығы мен қоғамдық тамақтану орындарында, вокзалдарда, әуежайларда, қонақүйлерде, денсаулық сақтау ұйымдарында, оның ішінде дәріханаларда, білім беру ұйымдарында күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим қолға алынады.

Облыс бойынша бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам адамның дене қызуы өлшеніп, бақыланды. Қызуы жоғары және өзін нашар сезінген адамдар анықталған жоқ. Ал бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №18 қаулысына сәйкес Қытай, Иран, Оңтүстік Корея және Италиядан келген азаматтар арнайы бөлінген медициналық мекемеде 14 күнге оқшауланады. Сонымен қатар Франция, Германия, Испания елінен келгендер күнделікті хабарласу арқылы 14 күндік үй карантиніне оқшаулануы тиіс, — деді департамент басшысы.

Айта кету керек, өңірде 13 наурыздан бастап балалардың қатысуымен өткізілетін спорттық, мәдени-бұқаралық шаралардың өткізілуіне тыйым салынып, концерт, көрме, конференциялар, олимпиада, байқаулар кейінге қалдырылады. Оқушылардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында 2019-2020 оқу жылының көктемгі каникулы 16 наурыздан 5 сәуірге дейін өзгертілді. ІІІ тоқсан бойынша тоқсандық жиынтық бағалау 12-14 наурыз аралығында әр мектепте жоспарланған кесте бойынша өткізіледі.

Бұдан кейін конференцияда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, дегенмен коронавирустық инфекциядан сақтану шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бүгінгі күні облыста науқастар тіркелген жағдайда оларды оқшаулап, емдеуге инфекциялық ауруханада арнайы 25 орын, наркологиялық стационарда 105 орын дайын тұр. Бұл жерлерде науқастарды емдеуге толық жағдай жасалған, қажетті материалдық-техникалық база, дәрі-дәрмектер бар. Дәрігерлер арнайы дайындықтан өтті, қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар инфекциямен ауырған науқастардан бөлек, осы ауруға ұқсас клиникалық белгілер анықталған азаматтарды оқшаулауға 200 орындық провизорлық госпиталь дайындалды. Ал науқастармен байланыста болған адамдарды шектеуге обсервация ретінде медициналық колледждің

жатақханасында 500 кереует және «Мұнайшы» шипажайында арнайы орындар қарастырылған, — деді Ә.Қалиев.

Өз сөзінде басқарма басшысы бүгінгі күні медициналық мекемелерде бетперде саны жеткілікті, атап айтсақ, 300 мың бетперде, 350 мың қолғап бар екенін, алайда қаладағы дәріханаларда бетперде саны азайғанын жеткізді.

Оның айтуынша, алдағы уақытта дәріханаларды бетперделермен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қабылданбақ.

Баспасөз мәслихаты соңында басқарма басшылары журналистердің сауалдарына жауап берді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button