Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа кезеңі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды  бағдарламасында да, Жолдауында да сыбайлас жемқорлықты жою, бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін жауапты тұлғалардың тізіміне мемлекеттік органдардың басшыларын енгізуді тапсырған болатын. Соған сәйкес елімізде былтыр 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің «Антикор орталығы» сервистік орталығында аталған заңдардың жаңа нормалары туралы айтылған брифинг өткзілді.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітованың және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов бағынысты қызметкерлер жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігі туралы, яғни осындай жағдай болған кезде кім және қандай жағдайларда отставкаға кететініне қатысты толық мағлұмат берді.

— Бұл құжаттардың қабылдануымен сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа кезеңі басталды деуге болады.  Себебі заң тұрғысында бірінші басшылардың, саяси қызметкерлердің, А және Б корпусындағы басқа да бірінші басшылардың жауапкершілігі нақты көрсетіліп отыр. Заңның жаңа нормаларына сәйкес, бірінші басшылар тікелей өзіне бағынысты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық жасаса, айыптау үкімі шыққаннан кейін он күннің ішінде отставкаға кетуі тиіс, — деді Ғ.Досанов.

Оның айтуынша, заң нормаларына сәйкес, орталық мемлекеттік органның басшысы (министрлер, агенттіктердің төрағалары, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың төрағалары) өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, жауапты хатшы, аппарат басшысы не орталық мемлекеттік органның облыстық, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумақтық бөлімшесінің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға береді. Орталық мемлекеттік орган басшыларының орынбасарлары – өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде,

облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға кетуі тиіс.

— Мәселен, Ішкі істер министрлігін алайық, полиция департаментінің бірінші басшысы, қылмыстық-атқару жүйесінің, төтенше жағдайлар департаментінің бірінші басшыларының қолы «ластанса», министр отставкаға кетеді, — деді ол.

Облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімінің орынбасары – өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде, аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімдері өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, отставкаға кетеді.

— Облысымызда саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер бар. Саяси мемлекеттік қызметшілер — облыс әкімі, оның орынбасарлары, қала, аудан әкімдері. Облыс әкімінің бес орынбасары, аппарат басшысы, қала әкімі, аудан әкімдері, өзінің кеңесшісі, көмекшілері, баспасөз хатшысы, аппараттың ішкі аудит бөлімі қызметінің басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаса, облыс әкімі отставкаға кетуге өтініш беруге міндетті, — деді М.Бибітова.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңның мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы мәселесі бойынша ережелері былтыр 10 желтоқсанда қолданысқа енгізілді. Яғни отставкаға кету туралы міндет өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған қызметкерлердің басшыларына және саяси қызметкерлерге қолданылады.

Мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткеннен кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда отставкаға береді.

— 10 желтоқсаннан бастап облыста заңды күшіне енген немесе ақталмайтын негіздер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты қысқартылған істер әзірге анықталған жоқ, себебі оның тергеуі бар, оның күшіне ену мерзімі бар, сондықтан әзірге мұндай дерек тіркелген жоқ, — дейді М.Бибітова.

«ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы бойынша саяси қызметшілер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін немесе сот қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) 12) және 12) тармақшаларында немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы қысқартқан соң он күнтізбелік күн ішінде отставкаға кетуге өтініш береді.

Өтінішті қабылдау немесе қабылдамауды тиісті өкілетті лауазым иесі шешеді. Отставкаға кету туралы өтініш бір ай мерзім ішінде қаралады. Оны қабылдаудан бас тартылған кезде саяси қызметкер өзінің лауазымды міндеттерін әрі қарай атқара беруге тиіс. Саяси қызметкердің өтінішінен бас тартқан жағдайда лауазымды тұлғаның шешімі бойынша қызметкер тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін.

— Басшылардың жауапкершілігін қарау кезінде көрсетілген шарттардан басқа, қол астындағыларға жасалған сыбайлас жемқорлық қылмысы мен басшының сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінәсі арасында байланыстың болуы да маңызды. Саяси мемлекеттік қызметшілер

егер олар лауазымға тағайындалған кезден бастап үш ай уақыт өтпеген болса,  қылмыстық әрекет 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін тіркелген болса, қылмыс жасаған тұлға үшін отставкаға беру заңның тура нормасында қаралмаған болса (мысалы, ведомство төрағасының қылмыс жасағаны үшін министр емес, оның орынбасары жауапты), қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы күшіне енген сот актісі немесе заңда белгіленген нақты негіздер бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы акт болмаса, отставкаға бермейді, — дейді М.Бибітова.

Заңға сәйкес отставкаға кететін адам өзінің арызын өзін тағайындаған адамның атына жазады. Яғни министрлер мен облыс әкімдерінің отставкаға кету туралы арыздарын Президент қабылдайды. Себебі оларды Президент тағайындайды. Вице-министрлер Премьер-Министрге отставкаға кету жөнінде өтініш береді. Жергілікті жерлерде де солай.

М.Бибітованың айтуынша, қазіргі уақытта Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Агенттік заң ережелерінің уақтылы және толық іске асуын қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Сот және Бас прокуратурамен бірлесіп тиісті іс-қимыл алгоритмін әзірлеген. Ол бойынша мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиісті лауазымды тұлғаларға қатысты тоқтатылған қылмыстық істерге және заңды күшіне енген айыптау үкімдеріне мониторинг жүргізіледі.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button