Экономика

Кәсіпкерлердің жедел штабы құрылды

Коронавирус салдарынан тауар жеткізілімдерінің тоқтауы һәм еліміздегі негізгі экспорттық позицияларындағы өзгеріске байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жедел штаб өз жұмысын бастады. Бұл — отандық бизнеске түсетін кері әсерді төмендету мақсатында құрылған топ.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Анар Даржанованың сөзінше, жедел штабтың басты міндеттері — бизнеске келтірілуі мүмкін тәуекелдер мен ағымдағы экономикалық жағдайдағы теріс салдарды бағалау, соның ішінде импорттық шикізат, жабдық пен қосалқы бөлшектерді сатып алудағы проблемаларды бағамдау. Сондай-ақ, бизнестен алынған мәліметтерді күнделікті негізде жүйелеу мен өңдеу, бұл саладағы дамудың мүмкіндіктерін анықтау да қаперге алынбақ.

— Коронавирустың әлемде таралуы салдарынан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы шығын мөлшерін азайту мен кәсіпкерлер мүддесін қорғауға барынша күш салмақ. Жедел байланыс орнатуға бағытталған штабтың құрылғаны сондықтан. Қазіргі таңда кәсіпкерлер арасында сілтемелер таратылып, қысқаша сауалнама жүргізіліп жатыр. Ұсыныстарды қалдыруға да болады, — дейді Анар Даржанова.

Бизнес өкілдерімен байланыс ұлттық кәсіпкерлер палатасының call-орталығы арқылы іске асырылады: қысқа нөмір — 1432.

Айта кетейік, жыл басындағы жағдай бойынша өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны — 68,6 мың.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button