Жаңалықтар

Автобустардың бағыты өзгерді

13 наурыздан бастап «Автопарк» ЖШС иелігіндегі №6 және №25 бағыттағы қоғамдық көліктер жаңартылған кестемен қатынай бастады.

Аталған автобустар әсіресе Батыс-2 ауданының тұрғындарына ыңғайлы болып отыр.

— Ақтөбе қаласының әкімдігі тұрғындардың сұранысына қарай бірқатар қоғамдық көліктердің жаңа қозғалыс сызбасын бекітті.

№6 бағыттағы автобус Тұрғынқалашық ауданынан шығып, Сәңкібай батыр даңғылы арқылы тікелей Батыс-2 ауданына және Халықтық кеңсе ғимаратына баратын болса, №25 бағыттағы қоғамдық көлік Батыс-2 ауданынан шығып, Әлия Молдағұлова даңғылымен Теміржол вокзалына барады, әрі қарай Жанқожа батыр, Кеңес Нокин көшелері арқылы Шығыс базарының арасын жалғайды. Бұл бағыт тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Себебі Батыс-2 ауданында көптеген әлеуметтік нысандар орналасқан. Енді қаланың ескі бөлігіне бір қоғамдық көлікпен қатынауға мүмкіндік туып отыр, — дейді «Автопарк» ЖШС өкілі Руслан Жылқаманов.

Әзірге бұл екі бағытқа «ПАЗ» маркалы 4-5 автобустан жіберілді. Алдағы уақытта сұраныс артқан жағдайда, қоғамдық көлік саны көбейетін болады. Сондай-ақ «Автопарк» мекемесі автобустарға электронды билеттер жүйесін енгізгелі жатыр. Алдымен бұл жүйе наурыз айының соңына дейін №1, 3,11,16  бағыттарда пилоттық режимде іске қосылады. Кейіннен өзге де автобустар да осы жүйеге көшірілмек.

Сондай-ақ, жақын күндері №38 бағыттағы автобустың да қозғалыс кестесі өзгертілмек. Ол Заречный-4  елді мекені мен ескі қала арасында қатынайды. Ал №43 автобус қазір Сазды ауылындағы «Бауырластар-1», «Бауырластар-2» тұрғын үй массивтеріне жолаушылар тасымалдауда.

Сонымен қатар «Автопарк» ЖШС өкілі қоғамдық көліктердің ішінде коронавирусқа қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталғанын да хабарлады.

Айта кетейік, бүгінде аталған мекеме иелігінде барлығы 420 автобус бар. Күн сайын оның 30-50-і жөндеу жұмыстарына жіберіледі. Мекеме биыл жазда үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустарды сатып алуды жоспарлап отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button