Экономика

«Aqtobe Hub» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады!

Облыс әкімдігінде «Aqtobe Hub» өңірлік даму орталығының қамқоршылық кеңес отырысы өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, сондай-ақ өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары мен бизнес өкілдері қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жаңа экономикалық жағдайлар мен  елдің мықты өңіріне айналуға деген ұмтылысты ескере отырып, Ақтөбе облысын жаңғырту және оны қазіргі жағдайға бейімдеу жобасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Бұл мақсатқа азаматтық қоғам, мемлекеттік сектор, шағын, орта және ірі бизнес, даму институттарының, сонымен қатар Президенттің жастар кадр резервінің өкілдері тартылды. Аталған жоба аясында осы жылдың басында «Brainstorming» стратегиялық сессиясы өткізіліп, өңіріміздегі бизнес өкілдері мен азаматтық белсенділердің жүзден астам көшбасшысы облыстың түйткілді мәселелері мен оларды шешу жолдарын талқылады. Бұл жұмыс білім сапасын арттыру, сұранысқа ие және білікті мамандарды даярлау, сонымен қатар мамандардың Қазақстанның өзге қалаларына және Ресейге кетуін азайту мақсатында өңірдегі ірі жоғары оқу орнын да жаңғыртуды көздейді, — деп атап өтті алдымен сөз алған Оңдасын Оразалин.
Оның айтуынша, жаңғырту аясында өңірлік көшбасшылардың құзыреттеріне сай  заманауи талаптарға сәйкес құрылатын «AqtobeExecutiveProgram» оқыту бағдарламасы іске қосылуда.
Мұндай жобаның Қазақстанның бірде-бір өңірінде жүзеге асырылмағанын атап өткім келеді. Ол өзекті проблемаларды шешуде билік, бизнес және азаматтық қоғам күштерін біріктіруге, өңірді дамытудың әлеуметтік жобаларымен қатар, инвестициялық жобаларын да әзірлеп, жүзеге асыруға мүмкіндік береді, — деген облыс әкімі компания басшыларынан бірегей жобаны қолдауларын сұрады.
Кеңес отырысы барысында «CSI Group» аға серіктесі Олжас Құдайбергенов «Aqtobe HUB» өңірлік даму орталығы корпоративтік қорының қағидалары жайында айтып берді.
Жаңғырту кезінде бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Атап айтқанда, экономикалық, инвестициялық әлеуетті анықтау жұмыстары терең зерттеліп, кадрлық резерв құру, әкімдіктің бизнеспен және қоғаммен өзара қарым-қатынасын нығайту, кәсіпкерлік әлеуетті ынталандыру, өңірді цифрландыру шаралары қабылданбақ. Ақтөбе облысы қолда бар әлеуетті ескере отырып, бес жылдың ішінде Қазақстан бойынша кем дегенде бесінші орынға шығуы тиіс.  Бұл —бірнеше жылға есептелген ұзақ мерзімді жұмыс, — деді Олжас Құдайбергенов.
Ал өз кезегінде сөз алған «Dastan» ЖШС президенті Асхат Айтжанов бизнес қоғамдастығының өңірді стартегиялық жағынан дамыту негізгі мақсаты болып табылатын жобаны жүзеге асыру үшін күш салуға дайын екендерін атап өтті.
Отырыс барысында бизнес өкілдері бірқатар ұсыныстарын айтты.
Отырыс соңында Олжас Құдайбергеновті «Aqtobe HUB» өңірлік даму орталығы корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесі төрағасы етіп тағайындау туралы шешім қабылданды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button