Жаңалықтар

Қар суын ұстап қалуға 22 тоған керек

Брифинг

Биылғы  көктемгі егіс жұмыстарына мемлекеттен   жеңілдетілген бағамен 9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шаруа қожалықтары оның 1 литрін 177 теңгеден «Батысжер» ЖШС-нан сатып ала алады. Сонымен қатар мемлекет фермерлер сатып алатын  тұқым, органикалық және минералды  тыңайтқыштардың 50 пайызын субсидиялайды.  Бұл жөнінде  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысы  Құсайын Сәрсембай баяндады.

2019 жылы  гербицидтерді субсидиялауға 279  миллион теңге бөлінсе, биыл оған қоса пестицидтерді де субсидиялауға  323,7 миллион теңге қарастырылды.  Органикалық тыңайтқыштардың облыстағы басты операторы – «Ақтөбе агросервис» ЖШС. Бұл жерде егіс салатын шаруашылықтар минералды тыңайтқыштардың жарты бағасын төлеп ала алады.

Өңірдегі трактор, комбайн, агрегаттардың 75-77 пайызы тозған. Былтыр  175 трактор, 14 комбайн, 424 агрегаттар сатып алынып, облыстағы ауыл шаруашылығы  техникасының 2,5 пайызын ғана жаңартуға мүмкіндік туды. Бүгінде шаруалар «Қазагро» қаржы ұйымдарынан немесе аграрлық несие корпорациясынан несие арқылы лизингпен техинка сатып алса, жылдық пайыздық мөлшерлеменің 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Соған қарамастан ауыл шаруашылығында техника ескі, не жетпейді. Биылғы көктемгі далалық жұмыстарына 5300-ден аса трактор, 4800 жер өңдеу техникасы, 1.5 мың дәнсепкіш, 93 егін тіркеме дайын тұр.

— Биыл суармалы алқаптардың көлемін тағы да 10 мың 600 гектарга көбейтіп, осы мақсатта 10 су қоймасын Қобда, Мәртөк, Хромтау, Мұғалжар, Алға аудандарында салу жоспарға енді. Осы 10 жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, «Қазақ су шаруашылық құрылыстарын жобалау және зерттеу» институтына тапсырылды. Ғылыми-зерттеу институты мақұлдаса, жобаның сметалық-жобалық құжаттары дайындалады. Сөйтіп,  облыстағы  33 мың гектарға жуық қосымша алқап егістікке тартылады, —  деді Құсайын Сәрсембай.

Еріген қар суын ұстап қалу үшін облыстық бюджет есебінен шағын 22 тоғанды  қалпына келтіру керек. Қазір ескі тоғандарды қайта жаңартуға аудандарда мониторинг жүріп жатыр. Болжам бойынша бұл тоғандарда жиналған сумен  27 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіріп, малдың жем-шөп базасын жасауға болады.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, өткен жылы   пайдаланылмаған 700 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.  Банкроттыққа ұшыраған  шаруашылықтар мойнындағы өткен жылы көктемгі егіс жұмыстарына алған несиелерін өтеу екінші жылға қалдырылды. Нан бағасын өсірмеу мақсатында желтоқсан, қаңтар айларында  облыстық бюджеттен нан комбинаттарына 160 миллион теңге бөлінген. Өткен жылы облыста өсірілген бидайдың 500-1000 тоннасы ғана ұнға айналады. Қалған астықты өзге өңірлерден тасимыз. Көкөністен тек картоппен ғана өзімізді толық қамтамасыз етсек, өзге   көкөніс түрлерінің 70 пайызы сырттан тасылады.

                                                                        Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button