Жаңалықтар

«Бақытты отбасы» бойынша мыңға жуық отбасы баспаналы болады

Кеше еліміз бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Жергілікті әкімдіктің тұрғын үй қатынастары бөлімі 12-20 наурыз аралығында аталған бағдарлама бойынша баспаналы болуға ниеттілерден өтініш қабылдайды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарлама — жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж адамдарға баспаналы болуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама.

Кеше қала әкімінің баспасөз қызметі осы тақырыпқа байланысты баспасөз мәжілісін өткізді. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалының бірінші санатты маманы Мақсат Заитов «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы толық мағлұмат берді.

Ерлан Рамазановтың айтуынша, бұл бағдарламаға кезекте тұрған азаматтардың ішіндегі көп балалы, толық емес және мүгедек бала бағып отырған отбасылар қатыса алады.

— Қазіргі кезде Ақтөбе қаласы бойынша 24 253 адам тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде тұр. Оның ішінде 1873-і — көпбалалы, 6949-ы — толық емес және 1049-ы — мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша 485 отбасы баспаналы болды. Биыл жыл аяғына дейін шамамен мыңға жуық отбасы пәтер кілттерін алады деген жоспар бар, — дейді Е.Рамазанов.

Былтыр республикалық бюджеттен тұтас республика бойынша осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 50 миллиард теңге бөлінген болатын. Биыл екі траншпен барлығы 100 млрд теңге қаражат қаралып отыр. Бірінші траншы — 50 млрд теңге қаржы бөлінді. Биыл республика бойынша шамамен 10 000 отбасы баспаналы болмақ.

Мақсат Заитовтың айтуынша, бағдарлама шарттары өзгерген жоқ: несие жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен 20 жылға беріледі.

— Ақтөбе облысында үміткерге 10 миллион теңгеге дейін несие беріледі, яғни ақтөбеліктер «Бақытты отбасы» бойынша құны 10 миллион теңгеден аспайтын үйлерді ғана ала алады. Бастапқы жарна — 10 пайыз. Өзгерген бір ғана шарт —  ең жоғарғы табыс көлеміне қатысты. Егер былтыр әр отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері соңғы алты айда 42500 теңгеден аспауы керек болса, биыл ай сайын екі күнкөріс мимнимумынан, 62 366 теңгеден аспауы қажет. Бір мысал келтірейік, 4 баласы бар, алты адамнан тұратын отбасы осы бағдарлама арқылы үй алғысы келетін болса, оның ортақ табысы 374 196 теңгеден аспауы керек. Ол отбасы шамамен 9 миллион теңгенің үйін алғысы келсе, бастапқы 8 жылда айына 47 400 теңге, кейінгі 11 жылда ай сайын 31 760 теңге несие төлейтін болады. Ең бастысы, басқа банктерде төленбеген несиелеріңіз болмағаны жөн,  — дейді М.Заитов.

Егер үміткер осы бағдарлама шарттарына сай келсе, төлем қабілеттері расталса, бірақ алғашқы жарнаға қаражаты жетпесе, жергілікті атқарушы билік тарапынан көмек көрсетіледі. Яғни бағдарлама шарты бойынша несие рәсімдеу үшін алғашқы 10 пайыз жарна қажет екені белгілі, жергілікті билік осы 10 пайыздың 9 пайызын өтеу үшін көмек көрсетеді.

— Мұндай көмек тек мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған, яғни «Нұр Ақтөбедегі» үйлерден пәтер алғысы келетіндерге ғана беріледі, — дейді Е.Рамазанов.

«Бақытты отбасы» бойынша баспанаға мұқтаждар жаңадан салынған, екінші нарықтағы ескі үйлердегі пәтерлермен бірге жеке үйлерді де сатып ала алады.

Бұл бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек? Алдымен мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұруыңыз керек. 12-20 наурыз аралығында Алтынсарин көшесіндегі 2-үйде орналасқан тұрғын үй қатынастары бөлімінен отбасының мәртебесін (көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы) растайтын жолдама алу қажет. Жолдама алу үшін жеке басыңызды куәландыратын куәлігіңіз болса жеткілікті. Одан соң «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалына жолдамаңызбен барып, заем алуға өтінім бересіз.

— Төлем қабілетін растау үшін банкке соңғы алты айдағы табысыңызды растайтын құжаттар, отбасының барлық мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар, тұрғын үйге меншік құқығыңыздың (кейін сатып алумен жалға алу құқығыңыздың) бар-жоғын растайтын құжаттар және сатып алатын тұрғын үй бойынша құқық белгілейтін құжаттар қажет. Отбасындағы 18 жасқа толмаған балалар ғана есепке алынады. Ал егер балаңыз студент болса және ол күндізгі бөлімде оқитын болса, онда 23 жасқа дейінгі балалар да есептеледі. Балалардың жәрдемақысы, зейнетақы, алимент секілді қаражат табыс көзі болып есептелмейді, тек жұмыс істейтін адамның жалақысы, кәсіпкерліктен түсетін табыс қана есептеледі, — дейді Мақсат Заитов.

Айта кетейік, биыл алғашқы транштан бөлінген қаражат есебінен Ақтөбеде шамамен 300-ден астам отбасы баспаналы болмақ. Екінші транш толық бөлінген кезде жалпы алғанда мыңға жуық ақтөбелік қоныстойын тойлайды.

Өткен жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» республика бойынша 4 862 отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге септігін тигізді.

— Бұған қоса, тағы 261 отбасының өтініші мақұлданып, қазір олар сатып алатын баспананы іздестіріп жатыр. Осылайша банк табысы төмен отбасыларға қолжетімді несиелер беру мақсатында былтыр бөлінген 50 миллиард теңге қаражатты игерді, — дейді М.Заитов.

Ақтөбеде былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы басталған уақыттан биылғы 3 наурызға дейінгі аралықта 502 отбасына 4 миллиардқа жуық несие берілген. Ақтөбе бұл бағытта республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші орында тұр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button