Жастар

Өскелең ұрпақтың өнегелі мақсаты

Еріктілер жылы

Шалқар қаласындағы №8 орта мектепте «Өскелең ұрпақпен ұлы мұраттарға» атты Еріктілер жылының ашылу салтанаты өтті.

Шараға аудан әкімі Бауыржан Қаниев, депутаттар, бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округтердің әкімдері, белсенді ерікті жастар қатысты.

Салтанатты шара Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашылды.

Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмирам Сражева еріктілер жұмысын жүргізудегі өз тәжірибесін және шетелдердегі ұтымды жұмыстарды мысалға келтіре отырып, волонтерлер ерікті түрде, шынайы, өзінің ынтасымен жұмыс атқаруы керек екендігін айтты.

Бауыржан Қаниев ауданда атқарылып жатқан игі істерге, қол жеткен табыстарға жастарымыздың қосқан зор үлесінің бар екеніне тоқталып, биылғы Еріктілер жылының қорытындысында белсенді жастарға демалыс орындарына жолдама берілетінін жеткізді.

Бұдан соң аудан әкімі аудандағы тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын созып, қайырымдылық танытқан жас кәсіпкерлер мен белсенді жастарды Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында қайырымдылық акцияларына белсене қатысып жүрген Марғұлан Айтуғанұлы, Азамат Оразымбетов, Гүлжайнар Әділгереева және Ерлан Сидақовтар бар. Сонымен қатар аудан көлемінде жыл бойы ұйымдастырылған маңызды іс-шараларға етене араласып, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына елеулі үлес қосқан «Қамқор-Локомотив депосы» ЖШС Шалқар сервис орталығы филиалы марапатқа ие болды.

Шара барысында бір топ кәсіпкерлер аз қамтылған отбасыларға ақшалай, заттай көмектерін табыстады.

Ерікті жастардың атынан Үндеу жолдаған «Шалқар еріктілері» тобының мүшесі Динара Алшора:

— Адал ниетпен игі іс жасап, өзгеге көмектесе білу біздің ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызға сай келетіні бәрімізге белгілі. Волонтерлік —  азаматтардың арқалаған жауапкершілігі мен әлемді жақсы жаққа өзгертудің бірден-бір көрсеткіші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, волонтерлік қызметті ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен бірге әр қалада, әр ауылда дамыту керек. Ол үшін әрбіріміз туып-өскен, кіндік қанымыз тамған жеріміздің жанашыр азаматы ретінде аз да болса өз үлесімізді қосуымыз керек. Себебі, ертеңгі елдің болашағы — біздер, — деді.

Салтанатты шара соңында волонтерлер мен белсенді жастар бірігіп «Мен қазақпын» әнін шырқады.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button